Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында 77 жастағы қария ұлттық және халық билерін дәріптеп жүр. Жасы ұлғайса да, жігері жасымаған қарт ұстаз бүгінде бүлдіршіндер мен ақ жаулықты аналарға би өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. Тәжірибелі ұстаздың шәкірттері түрлі байқауда топ жарып жүр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Ерсін аға дәл қазір маған вальс биін үйретіп жатыр. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бірақ бұл биде денені тік ұстап, әр қадамды музыка ырғағымен дәл үйлестіру маңызды. Ал әлеуметтік желінің жұлдызы Ерсін ағаның айтуынша, би жас талғамайды. Ең бастысы, ниет пен еңбек болса болғаны.
77 жастағы хореограф Ерсін Жүсіпов үшін би өнері тұтас өмірінің мәніне айналған. 50 жылдан артық ғұмырын ұлттық биді дәріптеуге арнаған ұстаз Мәдениет үйінің залында шәкірттерімен бірге күнде белсенді қозғалады. Қимылы ширақ, көңілі сергек. Сүйікті ісіне бар ықыласымен берілетінін байқадық.
Мамандығы – химия және биология пәнінің мұғалімі. «Бірақ студент кезінде би үйірмесіне қатысып, өнер әлеміне біржола бет бұрдым», — дейді.
ЕРСІН ЖҮСІПОВ, ХОРЕОГРАФ:
— Бұл өмірге келгеннен кейін, жақсылық істеуің керек. Мен балалардың билеп жатқанын көргенде керемет күйге бөленемін. Кеше жарысқа бардық, екі бала қолдарына диплом алып, фотоға түсіп жатқанда, бәрі қызығып қарады. Балалардың көзінен осындай от көргенде, мен текке жүрген жоқпын, бір пайдам тиіп жатыр екен ғой деп ойлаймын. Балалар алғысын айтқанда, барлық шаршағынымды ұмытылып кетемін.
Ал Ерсін ақсақалды көпшілікке танытқан осы бір бейнежазба болды. Сахна сыртында шәкірттеріне би қимылдарын көрсетіп тұрған ұстаздың әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын бірден тәнті етті. Қарт хореографтың өнерге адалдығы мен балаларға деген жанашырлығы көпшілікті бейжай қалдырмады. Қазір оның жетекшілігіндегі «Мирас» балалар би ансамблі түрлі байқауда топ жарып жүр.
КӘУСАР БАЗАРБЕКҚЫЗЫ, БИ ҮЙІРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ:
— Ерсін аға – біз үлгі тұтататын тұлға. Әрине, жаттығу барысында ағайымыз дауыс көтеріп қалуы мүмкін. Ерсін ағай кез келген конкурста бізді мақтайды, күліп жүріңдер дейді. Біздің еңсемізді көтереді.
Желінің жұлдызына айналған биші ұстаз бүгінде Қоянды ауылының ақ жаулықты аналарын да халық биіне баулып жүр.
ҒАЛИЯ ҚҰСАЙЫНОВА, БИ ҮЙІРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ:
— «Қазына» би ансамбліне қатысып жүргеніме 1 жылдай уақыт болды. Сол 1 жылдың ішінде көп жетістікке жеттік. Талай байқауға қатыстық. Жүлделі орындар алып жүрміз, Ол, әрине, Ерсін ағайдың арқасы. Ерсін аға еңбектен жалықпайды, қорықпайды.
Ұстаз: «Би үйірмесіне ер азаматтар да көбірек келсе…», — дейді. Өйткені ауылда ұлттық бидің өрісін кеңейтуді қалайды. Дегенмен бір әттеген-айы бар. Қоянды ауылында мәдениет үйі әлі салынған жоқ.
АЙНАГҮЛ ХАРКУ, ҚОЯНДЫ АУЫЛЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Қоянды мәдениет үйі жалға алынып жатыр. Біздің балалар – биден де, әннен де гран-при иегерлері. Келешекте Қоянды ауылында мәдениет үйі салынады деген жоспар бар. Мәдениет үйі салынса, жақсы болғалы тұр.
Жасы ұлғайса да, жігерімен көпке үлгі болған өнерлі ұстаз «Мұра» және «Мәңгүрт» секілді жаңа би қойылымдарын сахнаға шығаруға дайындап жүр. Әдеттегідей әр бидің тағылымдық мән-мазмұнына ерекше мән берілген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.