Боралдайдағы жаппай тамақтан уланғандардың саны артып келеді. Медициналық көмекке 65 адам жүгінген, олардың 36-сы ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің барлығы бір қоғамдық тамақтану орнынан ас ішкен. Оның жұмысы уақытша тоқтатылып, мамандар оқиғаның себебін анықтап жатыр.
Жақында ғана бұл орын Боралдай тұрғындары арасында танымал дәмханалардың бірі болған. Мұнда адамдар отбасымен келіп, үйге тапсырыс беріп, таныстарына ұсынатын. Сондықтан жаппай улану туралы жаңалық көпшілік үшін күтпеген жағдай болды.
НҰРИДА НҰРҚАСЫМ, БОРАЛДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Біз туған күн сайын осы жаққа келіп тапсырыс беретінбіз. Үйге алып келетінбіз. Бүкіл туысқанымыз дәмін көрген. Дәмі күшті, бізге ұнайтын. Енді осыдан кейін күдік пайда болды. Осыдан кейін келмеймін деп ойлаймын.
Тамақтан улану белгілері бар алғашқы науқастар кешеден бері келе бастаған. Қазір медициналық көмекке жүгінгендер саны артып отыр. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір тәулікте 65 адам дәрігерлерге қаралған. Оның 36-сы ауруханаға жатқызылды. Олар бірнеше медициналық мекемеде ем алып жатыр. Тағы 29 адамға амбулаторлық ем тағайындалған.
ЛЕЙЛА СЕРІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі уақытта олар Іле және Қарасай аудандарының стационарларында жатыр. Егер жаңа науқастар түсетін болса, оларды аудандық ауруханаға, Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызамыз. Барлық науқастың жағдайы орташа ауырлық деңгейінде. Бұл инфекция бойынша ауыр немесе өте ауыр жағдайда жатқан науқастар жоқ. Ошақта эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде.
Ал дәмхананың есігі уақытша жабылды. Кеше ғана олар келушілерді қабылдаған. Алайда алғашқы шағымдардан кейін санитар мамандар, дәрігерлер және жергілікті атқарушы органдар іске кірісті.
МҮСЛИМ САҒАДИЕВ, ІЛЕ АУДАНЫ СЭББ БАСШЫСЫ:
— Зертханалық зерттеулер үшін тамақ өнімдері мен шикізат сынамаларын шайындыларды және қызметкерлерді кенеттен тексеру жүргізіледі. Болған жағдайдың себептері туралы соңғы тұжырымдарын тексеру аяқталғаннан кейін және зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғаннан кейін жасалады.
Біз дәмханаға хабарласқанымызда, олар барлық уәкілетті органмен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын және жағдайдан тыс қалмайтынын айтты. Олардың сөзінше, қазір ең бастысы – адамдардың денсаулығы. Сондықтан зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр, ал дәмхана тексеру аяқталғанша уақытша жабық болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.