Қазақстан екі халықаралық банктен 154,7 млрд йен қарызға алмақ

Қазақстан бірден екі халықаралық банктен 154,7 млрд йен қарызға алмақ. Мәжілісте тиісті заң жобасы қаралды. Халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылатын несие қандай мақсатқа жұмсалмақ?
Осыдан бір ай бұрын Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасында келісім жасалған болатын. Құжатқа сәйкес, еліміз 92 миллиард 316 миллион жапон иенасы көлемінде қарыз алады. Бұл – шамамен 293 миллиард теңге немесе 600 миллион АҚШ доллары. Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар Үкіметтен бұл қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатынын сұрады.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— 4,6 трлн теңге – біздің бюджеттік тапшылығымыз. Соны қаржыландыру үшін осы банктен 600 млн АҚШ долларын қарызға алып отырмыз. Ол бюджетте қарстырылған.

Мәди Тәкиев Қазақстанның мемлекеттік қарызы халықаралық талаптар бойынша қауіпсіз деңгейде екенін айтты. Оның сөзінше, мұны халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы да растайды. Сондықтан сырттан қарыз алу әлем елдері үшін қалыпты тәжірибе саналады.

ЕРКІН ӘБІЛ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Сыртқы қарыз алу туралы шешім қабылданар алдында тапшылықты жабудың баламалы көздеріне талдау жасалды ма, неліктен Үкімет алдымен ішкі қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру орнына сыртқы қарызды тартуға басымдық береді.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Өзіміздің банктен алғанда ол теңгемен санағанда 17 пайызға дейін көтеріліп кетеді. Өте қымбат болып жатыр. Сондықтан біз шетелден алып жатырмыз. Бүгінгі таңда 1 млрд долларды 11 жылға әрі кетсе 2 пайызбен алып отырмыз, оның ішінде 5 жылдық жеңілдік уақытымыз бар.
Министр Мәди Такиевтің мәліметінше, Қазақстан бір мезгілде екі халықаралық қаржы ұйымымен келісім жасаған. Бірі – Халықаралық қайта құру және даму банкі, ал екіншісі – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Екі келісім бойынша тартылатын қаражаттың жалпы көлемі 154 миллиард жапон иенасынан асады. Заң жобасын Мәжілістің барлық комитеттері қолдаған. Енді құжат Сенат қарауына жолданады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал