Жетісайлық шаруалар қарбыздың жаңа сортын ұсынды

Әлемдегі жеміс нарығында жаңа қарбыз түрі пайда болады. Қазір жергілікті ғалымдар бірегей отандық өнім жасаудың алғышарттарын әзірлеп жатыр. Ендеше Қазақстан қарбызын жейтін күн алыс емес. Тілшілеріміз Жетісай ауданындағы шаруашылықтарда болып, шетелдік селекцияға сүйеніп, жаңа сорттарды сынақтан өткізіп жатқан қыруар еңбектің куәсі болып қайтты.
Жетісайлық шаруалар дәстүрлі сорттармен шектелмей, жаңа гибридтерді жерсіндіруге ден қойып отыр. Биыл егістік алқаптарында АҚШ, Нидерланд пен Түркиядан әкелінген бірнеше сорт пісіп жатыр. Биыл тұтынушылар арасында сопақ пішінді қарбыздарға сұраныс артқан. Сондықтан диқандар нарыққа бейімделген жаңа сорттарды іздеуге кірісіпті.

БЕРДИЯР ПАДАШ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Бізде биыл 7 түрлі сорт болды: Виктория, Зарабина, Инсепшн, Нұрай сорттары. Оның әрқайсысы әр мемлекеттен, біреуі Америка, бірі Голландия, бірі Түркиядан. Әр қарбыздың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазір сопақ қарбыздарға сұраныс көбейді. Сондықтан біз жаңа сорттарды іздеудеміз, қазақ еліне жаңа сорт ұсынғымыз келіп жатыр. Әлі зерттелмеген, ашылмаған сорттардың ұрықтарын Қазақстанға алдырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ал жаңа сорттардың бірі – «Номад». Бұл қарбыз сорты АҚШ-тан әкелініп, жергілікті климатқа бейімделген. Бастапқыда тек нөмірмен тіркелген бұл гибрид америкалық архивтерде сынақ үлгісі ретінде сақталған. Жетісайлық шаруалар бұл қарбызды «Номад» деп атапты. Ерте өнім беруге арналған бұл сорт температураның күрт ауытқуына төзімді және тасымалдауға қолайлы. Домалақ пішінді, қабығы қою жасыл әрі қанттылығы жоғары болғандықтан, дәмі де ерекше.

Жаңа сорттарды сынау бір маусыммен шектелмейді. Өнімнің сапасы, қанттылығы, сақталу мерзімі мен нарықтағы сұранысы бірнеше жыл бойы бақылауда болады. Себебі тұтынушы талғамы өзгерген сайын, диқандар да соған сай өнім түрін көбейтуге мүдделі.

БЕКЗАТ ШОРТЫШ, ОБЛЫСТЫҚ АШБ БАС МАМАНЫ:
— Түркістан облысында ағымдағы жылы 61800 гектарға бақша дақылдары егілген. Оның ішінде қарбыздың егіс көлемі 20 мың гектарға жуықтайды. Бүгінгі күнге жиналған егіс көлемі – 81 мың тонна. Қарбыздың қазіргі кезде шаруа қожалықтары тарапынан бірнеше сорты егілуде. Атап айтқанда, Зарабина, Виктория, Талисман, Арашан сорттары ішкі нарыққа жөнелтілуде.

Бүгінде өңірде қарбыздың бірнеше сорты қатар өсіріліп жатыр. Ал оның қайсысы нарықта тұрақтап қалатыны сатып алушылардың сұранысына байланысты болмақ. Егер өнімге деген қызығушылық жоғары болса, шаруалар алдағы жылдары олардың егіс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Диқандар отандық нарықты ғана емес, экспорттық бағытты да кеңейтуді көздейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал