Қазір қоғамның әкелерге қоятын талабы өзгерді

Бұрын әке десе, табыс тауып, шаңырақтың жүгін көтеретін адам көз алдымызға келетін. Қазір қоғамның әкеге қоятын талабы өзгерді. Астанада өткен Әкелер форумында осы мәселе талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, балаға тек қаржылай қамқорлық жеткіліксіз. Әкенің көңіл бөлгені, тәрбиесі де керек.
Қазақстан қоғамдық даму институтының бірнеше жыл бұрынғы зерттеуіне сүйенсек, әкелердің жартысынан көбі отбасының материалдық жағдайына жауап береді. Бірақ балалардың сабағын қадағалайтын әкелердің үлесі – небәрі 39%. Ал ұл-қызының денсаулығына тұрақты көңіл бөлетіндері – 34% ғана. Бір кездері отбасының жағдайын жасау әкенің басты міндеті саналатын. Бүгінде қоғамның талабы басқа. Әке тек ақша әкелуші емес, баланың тәрбиесіне белсенді араласатын, оның досы әрі бағыт-бағдар беретін тәлімгері де болуы тиіс.

ЕРЖАН МЫРЗАБАЙ, ОТБАСЫ ПСИХОЛОГЫ:
— Қазіргі әкелер баламен ойнаудан қорықпайды, саяюақта баланы ұстап жүруден ұялмайды. Олар үйде бала қарауға дайын. Бірақ осы өзгерістерге өту барысындағы қиындықтарға көз жұму керек. Сол жағынан кішкене қиналады. Бізде әкелерге әдістемелік нұсқаулық, әкелерге арналған контент, оларға әке болуды үйрететін құралдар аз болғандықтан, кішкене қиналады дер ем.

Бала үшін әкенің айтқан ақылы емес, көрсеткен үлгісі маңызды. Ертеңгі азаматтың мінезі де, жауапкершілігі де, ең алдымен, отбасында қалыптасады.

ҚАНАТ АЙТБАЕВ, ҚР МƏДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:
— Бала айналадан, отбасынан көргенін бойына сіңіріп алатын аппақ парақ секілді. Сондықтан қоғам болып, ел болып, бала тәрбиелеуге бәріміз де атсалысуымыз керек. Бұл жерде мектептің де, көшенің де, отбасындағы ортаның да маңызы өте зор.

Дегенмен жағдай өзгеріп келеді. Астанада мектептер жанынан әкелер клубы ашылып, түрлі қауымдастық жұмысын жандандырған. Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын жобалар көбейді.

Сонымен, бүгінгі форумның басты ойы: әке – тек асыраушы емес, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды тұлға. Ал мықты әке бар жерде мықты отбасы, мықты қоғам қалыптасады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал