«Дарын» сыйлығына құжат қабылдау басталды

Бүгін жыл сайын әртүрлі саладағы үздік жастарды анықтап келген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден құжат қабылдау басталды. Марапат жастардың еңбегі мен жетістігін бағалауға бағытталған. Сыйлық әдебиет, ғылым, журналистика, спорт, театр және кино, қоғамдық қызмет секілді 10 аталым бойынша табысталады. Байқауға 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады. Осы уақытқа дейін, яғни 30 жыл ішінде 380 лауреат марапатталған. Үміткерлерден құжат 17 қыркүйекке дейін қабылданады. Жеңімпаздар арнайы комиссияның шешімімен анықталады.
БЕРІК ӘЛІМЖАНОВ, ЖАСТАР ЖƏНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ М. А.:
— «Дарын» – қатардағы марапат емес. Бұл – жас адамның еңбегіне, талантына, ізденісіне және ел дамуына қосқан нақты үлесіне берілетін мемлекеттік баға. Биылғы «Дарын» сыйлығы еліміздің Жаңа Конституция кезеңімен тұспас-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, халықтың таңдауымен Жаңа Конституция қабылданды. Онда адам, оның құқығы, еркіндігі және өз мүмкіндігін толық іске асыру мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалған. Ал жастар саясатының басты міндеті осы қағидатпен толығымен үндес. Әрбір жас азаматқа өзінің қабілетін ашуға, еңбегімен танылуға және ел дамуына үлес қосуға жағдай жасау – мемлекеттің басымдықтарының бірі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал