Қостанай облысының шекарасынан өтіп, Ақтөбе аумағына кірген сәттен-ақ жүргізушілердің жүйкесі сыр береді. Себебі тақтайдай тегіс жол бірден ойқы-шойқыға айналып, шұңқырдан қашқан көлік қарасы көбейеді.
Кейбір жүргізушілер бұл учаскені «бомба түскен жерге» теңеп, әлеуметтік желіге видео жүктеп, шағымын қарша боратып жатыр. Республикалық маңызы бар жол қашан жөнделетінін көлік министрлігінен сұрадық. Автокөлік комитетінің өкілі Қостанай шекарасы мен Ақтөбе қаласы арасындағы жол екі бөлек жөнделе бастағанын айтты. Екі жылдан бері жасалып жатқан «Ақтөбе – Қарабұтақ» жолының қазір 28 шақырымы дайын. «Қалған 174 шақырымға асфальт төсейтін мердігерлер анықталды, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды», — деді Мақсат Баяхмет. Жолдың бұл бөлігі 2028 жылы бітуі тиіс. Ал «Қостанай-Қарабұтақ» автожолын жөндеу тоқтап тұр. Себебі 9 шақырымын жөндеген компания міндетін толық атқармай, арадағы келісімшарт бұзылған. Енді бұл іспен басқа компания айналысады.
МАҚСАТ БАЯХМЕТ, КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қарабұтақ пен Қостанай облысы шекарасында орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Ол жұмыстар 2026-2027 жылдары толығымен аяқталады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.