Отандық ғалымдар буын мен жүрек-қан тамырларын емдейтін табиғи өнім ойлап тапты

Буынның сырқырағаны мен белдің шойырылғаны бүгінде жас талғамайтын болды. Әдетте науқастар шетелдік қымбат жақпа майлар мен химиялық дәрілерге басымдық береді. Ал отандық ғалымдар бұл химияны табиғи өніммен алмастырудың бірегей жолын тапты. Елордалық зерттеушілер ара шаруашылығы өнімдерінен буынды емдейтін арнайы май мен жүрек-қан тамырларын жақсартатын шипалы сусын әзірледі.
Бағай Назарбайұлының жұмыс күні зертханада басталады. Ол жылдар бойы тынымсыз ізденіп, адам денсаулығына пайдалы өнімдер әзірлеумен айналысып келеді. Басты мақсаты – нарықтан шетелдік химиялық баламаларды ысырып, адам ағзасына шынайы шипа болатын отандық өнім әзірлеу. Осы жолда зерттеушілер ұжымы 3-4 жыл бойы тынымсыз ізденіп, тер төкті. Нәтижесінде, ара шаруашылығының өнімдері мен құнды өсімдік сығындыларынан тұратын табиғи май мен шипалы сусын жасады.

БАҒАЙ НАЗАРБАЙҰЛЫ, Е.ДӘЛЕНОВ АТЫНДАҒЫ ПМҒЗИ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:
— Теориялық және практикалық негізде ғылыми зерттеу жасалып, есеп берілді, сайтқа тіркелді, патент алынды.

Ғалымдар әзірлеген май буын мен сүйек ауруларын емдеуге бағытталса, жеңіл сусын жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартып, ағзаның иммунитетін күшейтеді. Тұтынушыға жол тартпас бұрын бұл өнертабыстар жан-жақты зерттеліп, әбден сынақтан өткізілген. «Өнім қауіпсіз әрі тиімді», — дейді ғалымдар.

НИКОЛАЙ САФОНОВ, Е.ДӘЛЕНОВ АТЫНДАҒЫ ПМҒЗИ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ
— Бұл үдерістің барлығы әр өнімнің ерекшелігіне қарай жеке таңдалады. Кейде клиникалық сынаққа 100 адамның қатысуы жеткілікті болса, кейде мың адам да аздық етеді. Барлығы өнімнің көрсететін нәтижесіне байланысты. Егер ол ең төменгі іріктеудің өзінде тиімділігін көрсетсе, онда бұл зерттеуді сәтті деп есептеуге толық негіз бар.

Бірнеше жылдық қажырлы еңбек пен мұқият зертханалық сынақ нәтижесін берді. Отандық зерттеушілердің бұл жаңалығы нарықтағы химиялық қоспасы көп дәрілерден шаршаған науқастар үшін нағыз шипа болмақ. Ғалымдар енді отандық өнімді жаппай өндіріске шығару мәселесі қарастырып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал