Өзбекстанның ұлттық құрамасы футболдан әлем чемпионатында тұңғыш рет бақ сынады. Олар дүбірлі доданың алғашқы матчында Оңтүстік Американың мықты командасы Колумбиямен кездесті. Ойында өзбек ойыншылары бір де үш есебімен есе жібергенімен, бұл кездесу Өзбекстан халқы үшін үлкен жеңіске пара-пар. Елдің футболсүйер қауымы мұны тарихи ойынға балап, мақтанышпен жариялады. Құраманың бас бапкері жаһандық аренадағы алғашқы қадамның маңызына тоқталып, алаңда кеткен қате-кемшіліктерді айтты.
ФАБИО КАННАВАРО, ӨЗБЕКСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:
— Бүгінгі ойын футболшыларымыз үшін өте үлкен тәжірибе болды деп ойлаймын. Себебі алаңда жіберген қателіктерің үшін осындай жоғары деңгейде жауап беретін сәттер болашақта естен кетпес тәжірибе болып қалады.
Бұл матчта трибунадағы жанкүйерлер де ерекше көзге түсті. Олар өзбек туымен қатар, Орталық Азияның өзге де елдерінің рәміздерін желбіретті. Осылайша, жанүйерлер бұл жетістік бүкіл аймақ үшін ортақ мақтаныш екенін көрсетті. Алайда алда бұдан да қиын сынақ тұр. Өзбекстан құрамасы енді Криштиану Роналду бастаған Португалия командасына қарсы ойнайды. Тарихи дебюттің жалғасы қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.