Әл-Фарабидегі жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушыға ең қатаң жаза сұрады

Әл-Фараби даңғылындағы 3 адамның өліміне әкелген жол апаты алдында көліктер жарысқан ба? Алматыда болған жол апаты бойынша сотта соңғы куәгерлерден жауап алынды. Олардың бірі апат болардан аз уақыт бұрын айыпталушымен бірге болған және сол түні не көргенін айтып берді. Сонымен қатар сот процесіне жаңа жәбірленуші – ажал құшқан қыздың әкесі қосылып, алғаш рет сөз сөйледі.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында куәгерлерден жауап алу аяқталды. Маңызды куәгерлердің бірі апат болған түні айыпталушымен бір ортада болған және қайғылы оқиғаға дейін оның көлігін көрген болып шықты.

КУӘГЕР:
— Бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрды. ЗИКР орнында тұрды. Мен жақындай бастадым. Жасыл жанды. Мен алға озып кеттім. Кейін оңға бұрылдым. Әл-Фараби көшесіне шықтым. Лугарский көпірінің астынан бұрылып өттім. Әл-Фарабиге шыққан кезде, сол жағымнан оның көлігі мені басып озды. Кейін ол менің көз алдымнан жоғалды. Көпірге жақындай бергенде шаң көтерілгенін көрдім. Оң жаққа ығыстым да, жол апатын көрдім.

Куәгер сол түні көліктердің жарысқанын байқамағанын жеткізді. Сот барысында куәгердің сол түні қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны және қос сызықты кесіп өтіп, жол ережесін бұзғаны белгілі болды. Сондай-ақ сот жәбірленуші мәртебесіне қатысты өтінішті қарады. Процеске қаза болған қыздың әкесі қосылып, өз ұстанымын білдірді.

ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— 21 күні Талдықорғанға бара жатқанмын. Маған ДВД-дан қоңырау шалды. «Сіз кімсіз, Томирис сізге кім болады?», — деп сұрады. «Не болды?», — дедім. «Ол жол апатына түсті», — деді. Мен көлігімді бұрып, қайтадан Алматыға жол тарттым. Келдім, оның бас сүйегі ашылып кеткенін, аяқ-қолы түгел сынғанын көрдім. Бүкіл денесі жарақаттанған. Мен оны құшақтадым. Кейін үйге алып кеттік. Жерледік.

Жәбірленуші тараптың өкілі болған жағдайдың барлық мән-жайы әділ қаралып, айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындалуын талап ететінін айтты. Ал қаза болған қыздың әкесі айыпталушыны кешіруді жоспарлап отырған жоқ.

МЕЙІРМАН ШЕКЕЕВ, АДВОКАТ:
— Әкесінің күйін көрдіңіздер. Қызын жоғалтқаннан бері өз-өзіне келе алмай жүр. Басты мақсаты – айыпталушының заңды түрде жазалануы. Оның өзін жәбірленуіші етіп тануға негіз болған нәрсенің бірі, үш жәбірленушінің күдіктіге бас бостандығынан айырмау жазасын қолдануды сұрағаны деп ойлаймын. Сондықтан қазір бас бостандығынанан айыратын, қатаң жаза сұрап отыр.

Жәбірленушінің айтуынша, алдағы уақытта оның мүддесін сотта адвокаттары қорғайды. Ал өзі сот отырыстарына тек қажет болған жағдайда қатысады. Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған еді. Тергеу мәліметі бойынша, айыпталушы мас күйінде Әл-Фараби даңғылымен сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүрген. Соқтығыс салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі және екі жас жолаушы қаза тапты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал