Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі елдің ресми делегация мүшелері қатысқан келіссөзде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Бұдан бұрын Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Черногория Президентін қарсы алу рәсімі өткен болатын. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманның алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беретінін айтты. «Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады. Сонымен қатар ел басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Подгорицада Қазақстан Бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін көрсетеді. Осы орайда Президент елордамызда Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды күшейту жөніндегі қарымта қадамдардың маңызын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Подгорицада Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы – Астананың екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға деген ұмтылыстың айқын дәлелі. Бүгінгі бизнес өкілдерінің кездесуі мен сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы іскерлік байланыстарды дамытуға серпін береді. Қазақстан біздің нарыққа қызығушылық танытқан Черногория компанияларын құшақ жая қарсы алады. Біз сіздердің кәсіпкерлеріңіз үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
ЯКОВ МИЛАТОВИЧ, ЧЕРНОГОРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан – бізбен әлі күнге дейін визасыз режим сақтап отырған елдердің бірі. Қазіргі уақытта біз Еуропалық Одаққа мүше болу процесінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылға қарай Еуропалық Одақтың толыққанды мүшесі атанамыз деген үміттеміз. Бұл Қазақстан мен Черногория арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.