Енді бірыңғай QR-код жұмыс істейді

Бір айдан кейін елімізде сауда жасау әлдеқайда жеңілдейді. Төлем жасайтын барлық жерде: сауда орындары, дәмхана, дәріхана, көлік тұрақтарында бірыңғай QR-код жұмыс істей бастайды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктің барлығы жаңа жүйеге 18 шілдеге дейін қосылуы тиіс екенін мәлімдеді.
Әр сатушының алдында бірнеше пост-терминал немесе QR-коды бар қағаз тұратын күн келмеске кетеді. Елімізде бүкіл банкке бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылып жатыр.

АСАН АХМЕТЖАН, ҰЛТТЫҚ БАНК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— 2023 жылдан бері Ұлттық банк қаржылық инфрақұрылымды дамыту аясында ортақ QR-код стандартын енгізді. Қазір бұл стандартқа еліміздегі 9 банк қосылған. Яғни 9 банктің QR-кодтары мен мобильді қосымшалары бір-бірін еш қиындықсыз, еш кедергісіз сканерлей береді. Қазір басқа банктерді қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Басқа банктер бірыңғай QR-код стандартына 18 шілдеге дейін қосылып болуы керек. Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, бұдан алдымен қарапайым тұтынушылар ұтады. Себебі бұған дейін бір банктің қосымшасы екінші банктің терминалымен үйлеспей, сатып алушыларды әуреге салатын. Енді қай банктің клиенті болсаңыз да, кез келген терминал арқылы QR-кодпен төлем жасауға мүмкіндік туады. Жаңашылдық кәсіпкерлер үшін де тиімді. Қазір көптеген сауда орны әртүрлі банктің клиенттеріне қызмет көрсету үшін бірнеше терминал орнатуға мәжбүр. Ал бірыңғай жүйе бұл шығындарды қысқартып, төлем қабылдау процесін жеңілдетеді.
АЙБАР ОЛЖАЙ, САРАПШЫ:
— Мемлекет бұдан ұтады. Барлығын фискалдық алаңға шығарады. Барлығы QR арқылы жүрген соң, салық төленеді. Мемлекет QR инфрақұрылымын реттеп берді, барлық жағдайын жасап берді. Енді мемлекет толық талап ете алады. «Ешқандай аударым болмайды, барлығы QR немесе карточка арқылы жүрсін. Біз сіздерге барлық жағдайды жасап бердік», — деп айта алады. Мемлекет салықтан ұтады. Қоғам да ұтады. Өйткені салық көп жиналса, жол да салынады, мектеп те салынады, су да болады деген сөз.

Жаңашылдықтан ұтылатыны – банктер ғана. Себебі олар осы уақытқа дейін QR инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы құйды. «Дегенмен клиенттік базасы үлкен болғандықтан, олар өз позициясын сақтап қалуға тырысады, кэшбэк, бонус сияқты тәсілдер арқылы бәсекеге бейімделуі мүмкін», — дейді сарапшы.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал