Астанадағы Alem.AI жасанды интеллект орталығы тегін білім береді

Анықтама алу, дәрігер қабылдауына онлайн жазылу немесе қызмет ақысын қосымша арқылы төлеу. Мұның барлығы бүгінде қазақстандықтар үшін қалыпты жағдайға айналды. Енді цифрландыру жаңа кезеңге қадам басты. Жасанды интеллект мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етіп, бизнес пен азаматтарға шешім қабылдауды жеңілдетуі тиіс. Мемлекет басшысының бұл технологияны барлық салаға енгізу жөніндегі тапсырмасы қалай жүзеге асып жатыр?
Бұрын цифрландыру құжаттарды электронды форматқа көшірумен шектелсе, бүгінде ол әлдеқайда ауқымды өзгерістерді қамтиды. Ал жасанды интеллект азаматтардың күнделікті өміріндегі сенімді көмекшіге айналуы тиіс. Осы мақсатта еліміз 2029 жылға дейінгі жаңа «Цифрлық Қазақстан» стратегиясын қабылдады.

ДОСЖАН МУСАЛИЕВ, ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Әрине, цифрландыру дамыған сайын кибрқауіпсіздік сұрағы өте маңызды болып келеді. Бірақ біз цифрландырумен киберқауіпсіздікті бірге алып келеміз. Екеуі бір-бірімен қатар келе жатыр. Жаңа Конституцияға жеке деректердің қорғалуы туралы жаңа норма кірді. Соған қатысты біз жақында жаңа нормаларды кіргіздік.

Мұндай жоспарларды жүзеге асыру үшін қуатты инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта Қазақстан жақында Firebird және NVIDIA компанияларымен деректерді өңдеу орталықтарын салуға қатысты жалпы құны 10 миллиард доллар болатын келісімге қол қойды. Ал жаңа цифрлық экономиканы дамытатын мамандарды даярлау үшін елімізде тегін білім беру бағдарламалары іске қосылған. Солардың бірі – Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы.

ВАЛЕРИЯ ТЕ, ASTANA HUB БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз балаларға шығармашылық технологиялар мен бағдарламалауды үйретеміз, ал жыл соңына дейін бізде 5000 оқушы болады. 2000-нан астам оқушы қазірдің өзінде тіркелген. Төртінші және бесінші қабаттар ересектерге арналған жасанды интеллект бойынша оқытуға арналған. Бұл Қытайдағы алғашқы тең-теңімен оқу мектебі, ол да тегін. Бұл мектептің ерекшелігі, онда мұғалімдер жоқ. Екі жылдан кейін олар жасанды интеллект инженерлері болады және өздерінің стартаптарын аша алады немесе IT компаниясына қосыла алады.

Орталықта мектеп оқушыларынан бастап ересектерге дейін жасанды интеллект пен бағдарламалау негіздерін меңгере алады. Бастысы – үйренуге деген құлшыныс.

ӘСЕТ БАЙЫРША, TOMORROW SCHOOL СТУДЕНТІ
— Мен бұл жерге 4 ай бұрын келдім. Бұл оқуға келген себебім, біздің университет бітіргенімізге 20 жыл болды, қазір жасанды интеллект, түрлі технология қатты дамып келе жатыр, соны меңгергім келеді. Біз осы күнге ақылы түрде курстар алып жүрсек, бұл жерде оқу тегін.

Бүгінде Қазақстан электронды үкіметті дамыту көрсеткіші бойынша көшбасшы елдердің қатарында. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу дайындығы жөнінен өңірде алдыңғы орында тұр. Дегенмен цифрлық мүмкіндіктер барлық өңірге бірдей қолжетімді емес. Сондықтан жаңа стратегияның басты міндеттерінің бірі – сапалы интернетті шалғай ауылдарға дейін жеткізу. Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықты интернет 3 мың ауылды және республикалық маңызы бар автожолдардың негізгі бөлігін қамтиды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал