Әл-Фарабидегі жол апаты: прокурор Пакты 10 жылға соттауды сұрады

Алматыда биылғы ең көп талқыланған қылмыстық істің бірі бойынша сот үкімі шығады. Мас күйінде Zeekr автокөлігімен Әл-Фараби даңғылындағы қарсы жолаққа шығып, үш адамның өмірін қиған жол апатына себепкер болған жүргізушіге қатысты үкім кесуге тиіс. Шешім шығарылар алдында сотталушы соңғы сөзін айтты. Ал жәбірленуші тарап ешқандай жаза қаза болғандарды қайтара алмайтынын еске салды.
Соттағы соңғы сөзінде сотталушы қаза тапқандардың ата-анасы мен жақындарынан кешірім сұрап, өзін ақтауға тырыспайтынын, жауапкершіліктен жалтармайтынын және өкінетінін жеткізді. Ол соттан өзін айыпталушы ретінде ғана емес, ата-анасының баласы, жары және үш баланың әкесі ретінде де қарастыруды сұрады.

АЙЫПТАЛУШЫ:
— Қаза болғандардың ата-аналары мен жақындарынан шын жүрегіммен кешірім сұраймын. Бұл менің өмір бойы бірге алып жүретін қасіретім болады. Мен бұрын ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылған емеспін және мұндай жағдайға тап боламын деп ойламадым.

Прокурор сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияда 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Сондай-ақ барлық жәбірленуші сөз сөйледі. Олардың көпшілігі сотталушыны кешіргенін, алайда жаза мерзімі маңызды емес екенін айтты. Тек жәбірленуші тараптың адвокаты қаза болған қыздың әкесі өз талабынан бас тартпағанын айтып, сотталушыдан моральдық шығын талап етті.

МЕЙІРМАН ШЕКЕЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ:
— 100 миллион талап қойдық. Әрине, сот оның бәрін қанағаттандырмауы мүмкін. Десе де сот практикасында болып жатқан адамның өмірін бағалауға назар аудардық деп ойлаймыз. Себебі қазіргі таңда сот практикасында аморальдық шығындардың өтемақысы өте төмен.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, мас күйінде көлік тізгіндеп, Әл-Фараби даңғылымен сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүрген. Mercedes көлігімен соқтығысып, жүргізушісі және екі жас жолаушы қыз қаза тапқан еді.

Бір айға созылған сот отырысынан, куәгерлерден жауап алудан және жәбірленушілердің эмоциялық сөзінен кейін қоғам назарында болған іс бойынша жұртшылық жазаның әділ берілетініне сенімді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал