Шымкентте тілсіз жаудан жер үй күлге айналып, сегіз баланың анасы ажал құшты. 39 жастағы келіншек ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қайғылы оқиға кезінде отбасының кәсібі де, баспанасы да отқа оранды. Қайғыдан қан жұтқан жанұяның хәлі қандай?
Айдос Боранбаев бір күнде жұбайынан, үйі мен жұмысынан айырылды. Ауладағы бейнебақылау камерасындағы кадр сол сәттің қаншалықты қорқынышты болғанын көрсетеді. Қызыл жалынның арасынан шыққан келіншек денесінің көп бөлігін күйік шалғанын түсініп те үлгермеген. Ал сыртта қалған отағасы жанұшыра жұбайын аман алып қалуға тырысқан.
АЙДОС БОРАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әйелімді құтқара алмадым. Біз мақтамен айналысамыз, көрпе-төсек жасаймыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80 пайыз күйіп қалыпты. Өзімнің табаным күйіп қалған, жүре алмай жүрмін.
Үй иелері көрпе-төсек тігіп, адал еңбегімен сегіз баланы асырап келген. Ауласында шағын цех ашып, күн көріп отырған отбасының бар тіршілігі әп-сәтте күлге айналды. Тұрғындардың айтуынша, әуелі жиналған мақта тұтанып, артынша алапат өрт лезде айналаны шарпыған.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талабына сай келмейтін жұмысты орындау немесе қызмет көрсету» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесімен процессуалдық шешім қабылданады.
Бір мезетте кәсібінен, баспанасынан және өмірлік серігінен айырылған Айдос Боранбаев бүгінде сегіз баласымен қиын жағдайда қалды. 5 ұл мен 3 қыз қазір туыстарының үйінде. Аяғы күйіп, жүре алмай қалған азамат жергілікті биліктен қолдау күтеді. Ал бір отбасының тағдырын өзгерткен өрттің нақты себебін полиция анықтап жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.