Сағыздай созылған слайм, түрлі түсті дірілдек ойыншықтар. Сырттай сүйкімді көрінген бұл бұйымдар қандай қауіп жасыруы мүмкін?
Баласы сұраған ойыншықты алып бергісі келмейтін ата-ана кемде-кем. Әсіресе соңғы кезде сәнге айналған түрлі түсті слаймдар мен антистресс сияқты ойыншықтарға сұраныс жоғары. Алайда сырты көз тартатын, қанық түске боялған тауар құрамында химиялық заттар тиісті мөлшерден көп кездесуі мүмкін. Ал мамандардың айтуынша, зиянды заттар ағзада ұзақ уақыт жиналса, баланың жүйкесіне әсер етіп, мінез-құлқының өзгеруіне дейін алып келуі ықтимал.
АЙНҰР КЕНЖЕБАЕВА, СЭСО ЗЕРТХАНА МАМАНЫ:
— Ауыр металлдар ойыншықтардың құрамында көп болған жағдайда бас айналу, жүрек айнуы, әлсіреу болуы мүмкін және сол ойыншықпен көп ойнаған кезде бала тез ашуланатын да жағдай кездеседі. Ауыр металлдар организмге сілекей безі арқылы түседі.
Сондықтан ойыншық сатып аларда тұтынушылар, ең алдымен, оның иісіне, қаптамасындағы ақпаратқа аса мән беруі керек. «Ал жаңа ойыншықты үйге әкелген соң сабынды сумен жуып барып қана баланың қолына ұстатқан дұрыс», — дейді мамандар.
АЙНАШ ҚАЙДАРОВА, ТҰТЫНУШЫ:
— Пластмассадан жасалған ойыншықтарды аз аламын. Өйткені оның бала денсаулығына кері әсері болуы мүмкін. Сондықтан сапалы әрі қауіпсіз ойыншықтарды таңдауға тырысамын. Егер тауардың құрамына қатысты сұрақ туындаса, міндетті түрде сатушыдан немесе кеңесшіден сұрап аламын.
Ойыншықтың сапасына көз жеткізу үшін тұтынушылар сатушылардан және де қауіпсіздігін растайтын сертификатты да талап етуге құқылы. Бірақ көбі бұдан бейхабар болып шықты.
АРДАҚ ИМАДІЛОВА, КӘСІПКЕР:
— Біз үшін тауардың сапасы өте маңызды. Тіпті жаңадан сөреге қойылған ойыншықтарды алдымен өз балаларым қолданып көреді. Сондықтан барлық қажет құжаты бар, сапасы расталған өнімдерді ғана сатуға тырысамыз. Ал кішкентай балалар үшін тағамдық силиконнан жасалған ойыншықтарды ұсынамыз. Өйткені оларды аузына салған жағдайда да қауіпсіз.
Ойыншықтардың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың арнайы зертханасында тексеріледі. Мұнда алдымен пластмасса мен полимерден жасалған бұйымдардан сынама алынып, олардың уыттылық деңгейі анықталады. Арнайы құрылғылар арқылы химиялық көрсеткіштері өлшенеді. Егер белгіленген нормадан асып кетсе, өнім талапқа сай емес деп танылады.
САЛАМАТ ЖАНЫҚҰЛОВА, СЭСО ЗЕРТХАНА МАМАНЫ:
— Зертханаға күнде 10 ойыншық әкеледі. Оның жартысынан көбі талапқа сай емес. Қазір Қытайдан келген ойыншықтар кеден одағының талабына сай емес.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мәселен, мен мына ойыншықты сатып алатын болдым. Себебі оның қаптамасында қай елде өндірілгені, қандай материалдан жасалғаны және құрамы толық көрсетілген. Ең бастысы, ақпараттың бәрі қазақ тілінде жазылған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Енді сатушыдан осы тауардың қауіпсіз екенін дәлелдейтін сертификатын сұрап керек.
Оны сұрату қиын емес және көп уақыт алмайды. Ал дәл осы қарапайым әрекет балаңыздың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін сапасыз ойыншықтан сақтауға көмектеседі. Сондықтан мамандар ата-аналарға ойыншықты тек сыртқы әдемілігіне қарап емес, оның құжаты мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне де назар аударуға кеңес береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.