Halyk пен Alatau City Bank ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстандағы ең ірі банк Alatau City жобасына қосылды. Halyk пен Alatau City Bank ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар инновация, инвестиция, финтех және цифрлық қалалық инфрақұрылым бағытындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды көздеп отыр. Басым бағыттардың қатарында жасанды интеллект, «ақылды қала» технологиялары, заттар интернеті (IoT) және цифрлық активті дамыту бар. Сонымен қатар алдағы уақытта жоғары технологиялық өндірісті, көлік пен логистиканы, туризмді, білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша да ынтымақтастық орнатуға ниетті.
ӘЛІШЕР ӘБДІҚАДЫРОВ, ALATAU CITY AUTHORITY БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
«Алатау қаласы инновация, заманауи технология және кәсіпкерлік дамитын алаңға айналмақ. Қол қойылған келісім тараптың тәжірибесі мен мүмкіндігін біріктіріп, қаланың инфрақұрылымын дамытуға, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға және инвестиция тартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға жол ашады».
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Қытайдың ірі компанияларына Alatau City жобасын таныстырды. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегацияның жұмыс сапары өтті. Қанат Бозымбаев Алатау қаласының құқықтық режимін жобалау кезінде әлемдегі үздік тәжірибелерге, соның ішінде Азиядағы ең ірі инновациялық мегаполистердің бірі саналатын Шэньчжэнь моделіне сүйенгенін атап өтті. Қытайлық бизнес өкілдерімен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша инвестициялық әлеуеті 6 миллиард долларға дейін жететін 24 меморандумға қол қойылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал