Италияның Монтесильвано қаласында жастар арасында шахматтан әлем чемпионаты жалғасуда. Байрақты бәсекеге 87 елден 800-ге тарта өрен қатысып, бақ сынап жатыр. Олардың қатарында еліміздің 35 үкілі үміті бар.
Шахматтан 14-пен 18 жас аралығындағы әлем чемпионаты Италия елінде жалауын көтерді. 87 елдің дүлділі бас қосқан дүбірлі додада Қазақстандық спортшылар да бар. Солардың бірі – түркістандық Айару Алтынбек. Үш мәрте әлемді бағындырған ол бұл жолы да жеңістен үмітті.
АЙАРУ АЛТЫНБЕК, ШАХМАТТАН ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ:
— Мен Астанада бір ай Қазақстанның чемпионатына қатыстым. Одан кейін Түрік елдерінің топтық жарысы болды. Содан соң 20 күн 6-8 сағаттан дайындалып, осы жерге келдім. Мен әлемдік жарыстарға 12 жасымнан бастап қатысып келемін. Мақсатым – өзімнің ең мықты ойнымды көрсету, алғашқы үштікке кіру.
Шахматтың қыр-сырын меңгерген 35 қазақстандық өрен қазір ел намысын қорғауда. Қатысушылар Швейцар жүйесі бойынша бақ сынайды. Яғни 11 турды классикалық уақыт бақылауымен ойнайды. Айта кету керек, чемпионатқа зияткерлердің ата-аналары да барып, бауыр еті баласына жанкүйер болуда.
ШЫНАР ӘБІЛПЕЙІСОВА:
— Мен Данис Қуандық деген баланың анасымын. Бүгінгі күні ол екі дүркін әлем чемпионы атанды. 2023 жылы бірінші рет Египетте, Шарм эль шейх қаласында 10 жасқа дейін чемпион болды. Сосын 2025 жылы өзіміздің Қазақстанда Алматыда екінші рет чемпион атанды. Енді айтайын дегенім, Қазақстан шахмат федерациясы көп қолдайды балаларымызды. Грант бөлінеді.
Жылдың ең маңызды турниріне жаhанның түкпір-түкпірінен сен тұр мен атайын деген спортшылары жиналды. Қазақстандық шахматшылардығң шеберлігін ұйымдастырушылар да жоғары бағалауда.
МАРКО БЬЯДЖОЛИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӨРЕШІ:
— Соңғы жылдары қазақстандықтар Италияда өтетін жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Бізде жасөспірімдер арасында көптеген турнир ұйымдастырылады және Қазақстан делегациясы көбіне ең үлкен құрамалардың бірі ретінде танымал. Кейде спортшылардың саны тіпті Италия командасынан да асады. Осы арқылы біз сіздерде балалар шахматына қаншалықты көңіл бөлінетінін аңғарамыз.
Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткендер федерацияның арнайы грантына үміткер атанады. Жыл сайын ең талантты 34 жас шахматшыға қолдау көрсетіледі. Грант көлемі жылына 12 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал әзірге өрендер Италия төрінде өз партияларын өткізіп, Қазақстанның намысын абыроймен қорғауды жалғастыруда. Дүбірлі дода 26 маусымға дейін жалғасады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.