Ақтөбеде «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары мен өнегелі әкелер марапатталды

Ақтөбеде Әкелер күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезең жеңімпаздары марапатталды. Қаладағы танымал әрі өнегелі әкелер де ұлықталды. Олар — көпбалалы отбасын тәрбиелеп отырған, балаларын жалғыз өсіріп жүрген және түрлі салада еңбек етіп, қоғам дамуына үлес қосып жүрген азаматтар. Әкелер қандай болу керек?
87 жастағы Жақсылық Саттаров Темір ауданы Жаңажол ауылынан Әкелер күніне арналған мерекелік шараға арнайы келді. Ол жұбайы Бәтима әже екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірген. Алты ұл, үш қызы бар. Қазір солардан 24 немере, 35 шөбере сүйіп отыр. Үлкен әулет бұл күні ата-анасын қолдап келді. Жақсылық ақсақал «Батыр әке» атағын алды.

ЖАҚСЫЛЫҚ САТТАРОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бала тәрбие отбасынан басталады. Әке мен шеше дұрыс тәрбие берсе, ұл да, қыз да жақсы болып өседі, қоғамға жақсы, жұмыс істейді.
Ал Болат Меңдібаев – 10 баланың әкесі. Бәріне жоғары білім беріп, қатарға қосты. 50 жылдай темір жол саласында жұмыс істеген қарияның ұл-қызы да әкенің жолын жалғап, бірнешеуі осы салада еңбек етіп жүр. Болат ата әсіресе қыздарын айтып мақтанды.

БОЛАТ МЕҢДІБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— 9 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірдім. Сәнімгүл, Бибігүл, Ақбөпе, Дәметкен, Жұлдызай, Жаңылай, Люба, Жанат, Жасағанберген, Самал. Мен қазір рахатты қыздардан көріп отырмын. Тоғыз қызым – бір төбе, жалғыз ұлым – бір төбе. Ұлға қарағанда қыздың жаны ашиды, ауырсаң бірінші жүгіріп келеді.

Тоғыз қыз өсірген қария «Ханшайымдар әкесі» атанды. Болат пен Жақсылық аталар сияқты қоғамдық өмірге белсенді араласып, өнегелі отбасы қалыптастырып, бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелерге бұл күні ерекше құрмет көрсетілді. «Мерейлі отбасы» байқауының аясында 23 әке 8 номинация бойынша марапатталды.

Әкелер күніне орай түрлі тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Онда әкенің қоғамдағы рөлі туралы кітап көрмесі, ұлттық ойындар алаңы, ағаш пен теріден жасалған қолөнер жәрмеңкесі, балаларға арналған ойын алаңы, ұлттық стильдегі фотозона және «Әке мұрасы» атты қолөнер шеберлік сабағы өтті. Жалпы, ұйымдастырушылар бұл мерекені ауқымды әрі жас ұрпақ үшін есте қаларлықтай етіп өткізуге тырысқан.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал