Аптап қысып тұр. Солтүстікте жұрт жағажай жағалап, жедел жәрдем күшейтілген режимге көшкен. Бір өңірде асфальт еріп жатыр, ал бір аймақта тұрғындар күртешесін шешпеген. Қазақстанды қақ жарған аптап пен салқынның сыры неде?
Климаты күрт континенталды келетін Солтүстік Қазақстанда сынап бағасы 35 градустан төмендемей тұр. Жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимге көшті. Бір бригада тәулігіне 15-16 шақыртуға дейін барып, жанталасқан. Ал аптап ыстық әбігерге салған тұрғындар жаппай жағажай жағалап жүр.
ТАТЬЯНА ЧЕРНОУСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Тұрғындар таңмен таласа тұрып суға шомылуда. Балалар-зейнеткерлер бәрі осында. Соңғы аптада қатты ыстық. Тұрғындар пәтерде кондиционерді сөндірмейді. Ал біз отбасымызбен уақытша саяжайға көшіп кеттік. Осылай қорғанып жатырмыз.
Облыс орталығында бүгінде арнайы жабдықталған тек бір жағажай бар. 250 мыңнан астам тұрғыны бар қала үшін бұл аздық етеді.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Алакөл көлі – Петропавлда рұқсат етілген жалғыз шомылу орны. Осыған дейін мұндай жағажайлар Есіл өзенінде болған. Алайда 2024 жылғы алапат тасқыннан кейін олардың барлығы жабылды. Таң сәріден халықтың қарасы қалың мұнда келіп жатқан. Ал кешкісін тіпті ине шаншар жер болмайды.
Ал Ақмола мен Павлодар облысындағы жол күннің ыстығынан бүлініп жатыр. Республикалық «Астана – Петропавл» трассасында цементбетон жабыны көтіріліп кеткен. Жауаптылар қажет шараларды қабылдап, олқылықтың орнын толтырмақ.
Шымкентте аптап ыстық ерте басталды. Ауа температурасы 38 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан халық жаппай Қошқар ата өзеніне ағылып жатыр. Түскі уақытта мұнда кісі қарасы көп.
Ал батыста биылғы жаз ерекше. Әдетте бұл кезде ыстық болатын. Маусымның соңына таяса да әлі қоңыр салқын. Әзірге Жайық жеріндегі орташа температура 25-27 градустың шамасында.
ҚҰРАЛАЙ ҒАЙСАҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Оралда негізі жазда өте қатты қапырық, ыстық болатын. Биыл жауын-шашын көп екенін байқап жатырмыз, көктемнен бері көп жауды. Менің ойымша, нормадан тыс жауын-шашын жауып жатырған сияқты.
Ал синоптиктер елімізде аптап ыстық алдағы бірнеше күн сақталатынын айтады. Кейін дауыл көтеріліп, арты жауынға ұласады.
НҰРДАНА ТІЛЕУҚҰЛ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:
— Қазақстан аумағына циклон өзімен бірге жаңбыр, бұршақ, желдің қатты күшеюі және шаңды дауылдарды әкеледі. Алайда осыдан кейін көптен кұткен салқындық келеді. Еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жайлы 23- 28 градус жылу күтілуде.
Ал шығыс пен оңтүстікте әзірге ыстықтың беті қайтпайды. Жекелеген ауданда сынып бағанасы тіпті 40 градусқа дейін жоғарылуы мүмкін. Сондықтан мұндай кезде сақтанып жүрген абзал.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.