Қазақстан мен Бельгия стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға сапары барысында алдымен жергілікті қазақ диаспорасымен кездесті. Бүгінде бұл елде 500-ге жуық этникалық қазақ тұрады. Президент шетелде білім алып, еңбек етіп жүрген жастарға қолдау көрсету мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен келіссөз жүргізді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Президент Бельгияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктестерінің бірі деп атады. Соңғы 20 жылда бұл елден тартылған инвестиция көлемі 15 миллиард долларға жеткен. Кездесуде Транскаспий көлік бағыты, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, сондай-ақ ғылым мен білім салаларындағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал