Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 582 млн доллардан асты

Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық нығайып келеді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 582 миллион доллардан асты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 28 пайызға көп. Оң үрдіс биыл да жалғасуда. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі 179,5 миллион долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 100,4 миллион долларды құраса, импорт 79 миллион долларға дейін төмендеген. Соның нәтижесінде оң сауда балансы төрт есеге жуық өсіп, 5,6 миллион доллардан 21,4 миллион долларға жетті.

Сарапшылар тағы бір маңызды үрдісті атап өтеді. Ол – Қазақстан экспортының біртіндеп әртараптандырылуы. Бұрын Бельгияға экспортталатын негізгі өнімдер металл мен шикізат болса, бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері маңызды орынға ие бола бастады. Әсіресе зығыр тұқымы экспорт өсімінің басты драйверіне айналған. Қазір оның үлесіне Қазақстанның Бельгияға экспорттайтын барлық өнімінің шамамен үштен екісі тиесілі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал