Атырауда көліктен басын шығарып, видео түсірген жолаушы жауапқа тартылды

Атырауда жүріп келе жатқан көліктен басын шығарып, контент түсірген жолаушы жауапқа тартылды. Оған мүмкіндік берген жүргізуші де жазасыз қалмады. Көлік контент құралы емес. Жолдағы тәртіп – адам өмірінің қауіпсіздігі. Теп-тегіс жолда ережеге бағынбай жүргендердің көлік жүргізуге құқығы жоғы анықталды. Жыл басталғалы елде 14 мыңнан астам жол апаты тіркелген.
Дала жолы болсын, қала жолы болсын, күнде апат. Соңғы үш жылдағы статистика жолдағы жағдайдың күрделі екенін айтады. 2023 жылы Қазақстанда 15 мыңнан астам жол апаты тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық өсіп, 31 жарым мыңға жеткен. Ал өткен жылы 36 мыңнан асқан. Құқықтық статистика есебін жүргізетін Qamqor.gov.kz сайтына сүйенсек, биыл ел жолдарында 14 мыңнан астам апат болған. 549 адамның өмірі үзілді.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр жол қозғалысы ережесін бұзудың 13,8 миллион фактісі анықталған. Мас күйінде көлік басқарған 25 мыңнан астам жүргізуші ұсталып, шамамен 32 мың адам көлік басқару құқығынан айырылды.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Абсолютті сау күйінде көлік басқару көлік жүргізу мәдениетінің мызғымас қағидатына айналуы тиіс. Жыл басынан бері осындай жауапсыз жүргізушілердің кесірінен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300-ге жуық адам зардап шекті. Олардың арасында қаза тапқандар да бар.

Апат саны бойынша биыл Алматы қаласы, Алматы облысы мен Астана қаласы көш бастап тұр. Елдегі әр төртінші жол оқиғасы Алматыда тіркелген. Өлімге әкелген көлік соқтығысы көбіне Қарағанды, Түркістан және Жамбыл облыстарында болған.

Жол-көлік оқиғасының көбеюі тек бір факторға байланысты емес, мамандар мұны кешенді проблема деп отыр. Қазір Әкімшілік полиция, автомектеп және инфрақұрылымға жауапты орган тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Алматы, Астана және Шымкент қаласында жүргізуші мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пилоттық жоба іске қосылды.

РУСЛАН АСАУБАЕВ, АВТОМЕКТЕП ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Ол пилоттық жоба жүргізушілік мәдениетті қалыптастыруға негізделген қадам деп білеміз. Себебі жоба тек айыппұл салумен шектелмейді. Жүргізушілер үшін балдық система енгізіледі. Әрбір құқықбұзушылық үшін белгілі бір балл шегеріліп отырады. Ал балл саны нөлге жеткен жағдайда жүргізуші қайтадан емтихан тапсыруға жіберіледі. Бұл – жасалып жатқан жұмыстардың бір түрі. Жалпы, осы саланы дамытып, осы салаға көп көңіл бөлсе деген ойдамыз.

Мәселені бейнебақылау камералары да толық шеше алмай отыр. «Астанада камераның көптігі тәртіп бұзушылықты азайтқанымен, бақылау жоқ жерде жүргізушілер бұрынғы әдетіне қайта оралады», — дейді мамандар. Сарапшылардың пікірінше, айыппұлды көбейту бұл түйткілді түбегейлі шешпейді. Тұрғын аймақтарда жылдамдықты шектеу, жаяу жүргіншілер мен балаларға арналған қауіпсіз жол салу және апат себептерін терең талдау қажет. Сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін көтермейінше, жағдайды өзгерту қиын.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал