Кәмелетке толмаған қызды алып қашқан үш жігіт 3 жылға сотталды

Қоғамда үлкен резонанс тудырған жасөспірімді алып қашу ісіне қатысты үкім шықты. Былтыр қарашада кәмелетке толмаған қызды алып қашты деп айыпталған үш жігіт үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ал олардың төртіншісі әзірге құқық қорғаушылардың қолына түспеген. Сот барысында бойжеткеннің жігітпен бұрыннан араласқаны, тіпті кездесуге шыққаны анықталды. Бірақ ол тұрмысқа шығуға келісім бермеген. Судья осы жайтқа ерекше тоқталды. Дегенмен сотталғандардың жақындары мұндай шешіммен келіспейді.
АЙНЕЛЬ ОРАҚБАЕВА, СУДЬЯ:
— Жәбірленуші көлікке өз еркімен отырған. Бірақ Абдухан сол күні Әуезханмен кездесуге шыққан кезде тек кездесуге шыққан. Яғни, жігіт-қыз ретінде кездесуге шыққан. Алып қашуға өзінің рұқсатын бермеген.
Еске салайық, қаңтар айында 17 жастағы бойжеткен өзін Шымкенттен Сарыағашқа күштеп алып қашқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, күдіктінің туыстары қысым көрсетіп, «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазуға мәжбүрлеген. Тіпті қаршадай қызды жыныстық қатынасқа итермелегені де айтылған еді. Қыз алып қашуға көмектесіп, сотталғандардың бірі – үш баланың әкесі. Оның жұбайы сот шешімін әділетсіз деп отыр. Сондықтан айыпталушылар тарапы алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қаратуға ниетті.
ДИНАРА ЖАНТІЛЛӘ, СОТТАЛУШЫНЫҢ ӘЙЕЛІ:
— Мен енді үш бала-шағаммен үш жыл не істеймін?! Қайда барам?! Әділетсіз болды. Әділдік талап етеміз. Біз тәтті шайына да бардық. Сол кезде де ойнап-күліп жүрген. Ол зорланған қыз емес.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал