Ақтөбе облысында мейрамханадағы жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 102 адамның улануынан кейін Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 304-бабы санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу дерегі бойынша тергеу басталды. Полицияның хабарлауынша, қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайын, өткен аптаның соңында Қандыағаш қаласында өткен іс-шараларға қатысқан азаматтар жаппай уланған еді. Дәрігерлер оларға жіті ішек инфекциясы диагнозын қойып, сальмонеллезге күдіктенуде. Зардап шеккендер екі күн бойы өткен той мен ас беру рәсіміне қатысқан. Олардың арасында ересектермен қатар кішкентай балалар да бар. Ал бүгінгі күні науқастар саны 102-ден 113 адамға жетті. Олар аудандық және облыстық ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа ауырлықта. Ал бірқатар науқастың денсаулығында оң өзгерістер байқалып, жағдайы жақсарған. Оқиғаның мән-жайы толық анықталғанға дейін мейрамхананың қызметі тоқтатылды.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ПД:
«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады».
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.