Бес тілде сөйлеп, 18 елді аралаған полицей қызметте де, демалыста да адамдарға көмек көрсетеді

Бес тіл, он сегіз ел және адамдарды құтқаруға байланысты ондаған оқиға. Қарағандылық полицей Фуркан Юк адамдарға тек қызмет барысында емес, әлемді аралап жүргенде де көмектеседі. Түркияда босанғалы жатқан әйелді ауруханаға жеткізген, Италияда құжаттарын жоғалтып алған қазақстандықтардың елге оралуына көмектескен. Әртүрлі елдерде талай бейтаныс адамдарға қол ұшын созған.
Полиция аға лейтенанты Фуркан Юк бес тілді еркін меңгерген. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және француз тілін біледі. Сонымен қатар ол он сегіз елде болған. Әлемнің қай жерінде жүрсе де, өзін әрдайым полицей ретінде сезінеді. Фурканның айтуынша, адам қиын жағдайға тап болса, оған міндетті түрде көмектесу керек. Қызметте жүрсе де, демалыста болса да.

ФУРКАН ЮК, ПБ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ИНСПЕКТОРЫ:
— Олар басқа елде жүргенін түсінеді. Қазақстан болғандықтан, біз барлық азаматты қабылдаймыз және құрметпен қараймыз. Ешкімнің құқығын шектемейміз. Сол себепті шетел азаматтарының Ішкі істер органдары қызметкерлеріне деген сенімі жоғары.

Анталияда серуендеп жүрген кезінде Фуркан досымен бірге көмек сұрап тұрған жүкті әйелді байқайды. Әйелдің толғағы басталған екен. Уақыт жоғалтпай, оны көлікке отырғызып, ауруханаға жеткізген. Есте қалған тағы бір оқиға Италияда болған. Жас отбасы құжаты мен ақшасын жоғалтып алған. Біздің полицей оларды Қазақстан елшілігіне апарып, жол ақысы мен тұратын жеріне қаржылай көмектескен.

ФУРКАН ЮК, ПБ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ИНСПЕКТОРЫ:
— Қазақ тілінде сөйлеп тұрғанын көрдім. Жерлесім екенін түсіндім. Сол себепті өз тарапымнан кішкентай болса да көмек көрсеткім келді. Оларды жақын жердегі полиция бөлімшесіне жеткіздік, анықтама алдық. Кейін консулдыққа бірге бардық.

Миграциялық полицияда Фурканның еңбегін жоғары бағалайды. Басшылықтың айтуынша, жас инспектор шетел азаматтарымен жұмыс істеп, көмек көрсетеді. Тілді білмегендіктен, шетелдіктер жиі қиын жағдайларға тап болады. Мұндай кезде полицейлер көмекке келеді.

ДАНИЯР УАҚАСОВ, МҚБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Осыдан екі апта бұрын Джибути азаматының баласы аулада ойнап жүріп, өзі автобусқа отырып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Полиция қызметкерлерінің көмегімен баланың автобуста жүрген жері тез анықталып, аман-есен анасына қайтарылды.

Миграциялық полиция күн сайын Қарағандыға жұмыс істеуге және оқуға келген ондаған шетел азаматына көмектеседі. Мұнда шетелдіктермен жұмыс істеу оңай емес екенін айтады. Себебі олар басқа елде қателік жасап қоямыз деп жиі алаңдайды. Сондықтан инспекторлар үшін олардың сеніміне ие болу да маңызды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал