1 мыңнан астам қатысушы, 50-ден аса команда және 4 мемлекеттен келген қонақтар. Ақмола облысында халықаралық «Айбын — 2026» әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл 12 жыл ұйымдастырылған ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен күштік құрылымдардың жас сарбаздары қатысып жатыр.
Щучинск қаласындағы «Амандық оқу-жаттығу полигоны» жас сарбаздар әскери дайындықтарын пысықтайтын маңызды алаңға айналды. Жиынның алғашқы күнінде қатысушылар заманауи әскери техника мен қару-жарақ көрмесін тамашалап, олардың жауынгерлік мүмкіндіктерімен танысты. Кейін әскери-қолданбалы спорт түрі, шығармашылық және зияткерлік байқауларда өзара бақ сынасты.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Айбын халықаралық әскери-патриоттық жиынына қатысушылар дәл осы жерде өзара күш сынасады. Бірі әскери дайындықтағы шеберлігін көрсетсе, енді бірі заманауи технологиядағы мүмкіндігін дәлелдемек. Биылғы жиынның басты жаңалығы – Smart Sarbaz робототехника сайысы. Яғни жас сарбаздар тек күш-қайратпен емес, интеллект пен инновация бағытында да өз әлеуетін көрсетеді.
Мына роботты Абай облысынан келген жас өнертапқыш Олжас Қалиажаров құрастырған. Үш дөңгелекті құрылғы әскери тапсырмаларды орындауға бейімделген. Ол кез келген бағытта қозғалып, түрлі кедергіден өте алады. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 6 миллион теңге жұмсалған. Қаражатты демеушілер бөлген.
ОЛЖАС ҚАЛИЖАРОВ, ЖАС САРБАЗ /АБАЙ ОБЛЫСЫ/:
— Бомбаны қауіпсіздендіретін тістегіштері бар. Бұл роботтың айрымашылығы дроны бар.
Алдағы бірнеше күнде жас сарбаздарды түрлі сынақ күтіп тұр. Олардың дені болашақ өмірін әскери қызметпен байланыстыруды армандайды. Сондықтан мұндай жарыстар олар үшін тек бәсеке емес, тәжірибе жинайтын маңызды алаң.
Басқосуда әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері үшін «Жас сарбаз – Конституция қорғаушысы» атты зияткерлік ойын да ұйымдастырылды. Қатысушылар Ата заң бабымен білімдерін сынап, мемлекеттік құрылым мен заң үстемдігіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Ұйымдастырушлыардың айтуынша, дәстүрге айналған «Айбын» халықаралық әскери жиынның ауқымы жыл сайын тек кеңейіп келеді.
Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына биыл барлығы 53 команда қатысып жатыр. Биыл Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жастар да өзара сынға түспек.
«Айбын» әскери-патриоттық жиыны биыл 12 рет жалауын көтерді. Ал 2023 жылдан бері бұл шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Соның арқасында түрлі елден келген жастар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.