Қазақстандықтар үшін Еуропаға виза алу жеңілдей түседі

Қазақстандықтар үшін Еуропаға виза алу жеңілдей түспек. Бұл жөніндегі келіссөздер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға жасаған ресми сапары барысында талқыланды. Сонымен қатар тараптар жалпы құны 12 миллиард доллар болатын инвестициялық жобалар мен экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Еуропалық инвесторларға қандай мүмкіндіктер ұсынылды?
Еуропалық одақтың саяси орталығы саналатын Брюссельге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы рет осыдан бес жыл бұрын, пандемия кезеңінде барды. Ол кезде жаһан экономикасы күрделі сынақтарды бастан кешіп, жаңа даму бағыттарын айқындаған болатын. Ал бұл жолғы іс сапарда күн тәртібіне қойылған мәселелер мүлде бөлек. Энергетикалық қауіпсіздік, стратегиялық маңызы бар шикізат көздеріне қол жеткізу және сенімді өндірістік байланыс құру мәселесі басты назарда болды. «Қазақстан – Еуропалық одақ» бизнес-форумында Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа үшін аса маңызды минералдық ресурс бойынша сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан Еуропалық одақтың аса маңызды шикізат ресурсы тізіміне енген 34 минералдың 21 түрін жеткізуге дайын. Бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін біз «офтейк» қағидатына негізделген ынтымақтастық моделін ұсынамыз. Бұл ішкі өңдеу саласын дамытуға және жоғары қосылған құны бар өндірістер құруға мүмкіндік береді. Серіктестіктің нәтижесінде сирек кездесетін металлдарды зерттейтін өңірлік ғылыми орталық ашылады.

Қазақстан Еуропаға тек табиғи ресурстар ғана емес, ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік ұсынуға әзір. Елімізде литий, никель және кобальт сияқты игерілмеген шикізат қоры жеткілікті. Бұл жоғары технологиялық өндіріс үшін аса қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы еуропалық серіктестерге «инвестиция мен технологияға – стратегиялық ресурстарға қолжетімділік» қағидатына негізделген өзара тиімді ынтымақтастық формуласын ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан Еуропалық одақтың сенімді серіктесі әрі энергия ресурстарын тұрақты жеткізуші мемлекет ретіндегі стратегиялық ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді. Былтыр Еуропа нарығына жеткізілген мұнайдық қазақстандық үлесі шамамен 13 пайыздан асты. Біз экспорт көлемін ұлғайтуға және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниеттіміз.
Қуантатын жаңалық, визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздер де соңғы кезеңге жеткен. Егер құжаттар толық мақұлданса, қазақстандықтар үшін шенген визасын алу әлдеқайда жеңілдей түспек. Яғни өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, талап етілетін құжаттар саны азаяды. Әуе қатынасы саласында да маңызды келісімдер жасалды. Брюссельде «Air Astana» әуе компаниясы мен Airbus корпорациясы арасында 50-ге дейін жаңа әуе кемесін сатып алу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

ЖОАН ПЕЛИСЬЕ, AIRBUS SE ЕУРОПАЛЫҚ ӨҢІР БОЙЫНША ПРЕЗИДЕНТІ:
— Осыдан тура 20 жыл бұрын Air Astana өзінің алғашқы Airbus A320 ұшағын алған еді. Бүгінде әуе компаниясының паркі 60-тан астам Airbus ұшағымен толыққан. Сондықтан Air Astana компаниясына және оның директорлар кеңесіне бізге артқан сенімі үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Сапар аясында халықаралық бизнес өкілдерімен өткен кездесулер де ерекше маңызға ие болды. Францияның Groupe ADP компаниясымен Алматы әуежайын дамыту мәселесі талқыланды. Ұзақмерзімді жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай әуежайдың өткізу қабілеті қазіргі деңгейден төрт есе артпақ. Ал испаниялық Inditex Group басшылығымен өткен кездесуде компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту мәселесі сөз болды. Мемлекет басшысы елімізде өндірістік қуаттарды орналастыру мүмкіндігін де қарастыруды ұсынды. Кездесулер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту мәселесіне де басымдық берілді. Эдуард Зигристпен кездесуде Президент Құрық портын жаңғырту, Каспийдегі жүк тасымалы флотын ұлғайту және Әзербайжан және Грузиямен бірлескен бірыңғай тарифтік жүйе қалыптастыру бағытындағы жобалар туралы айтты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал