Үш жыл бойы өмір үшін күрескен Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар көз жұмды. Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мәлімдеді. Әскери қызмет кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған сарбаз ұзақ уақыт комада жатқан. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы үздіксіз бақыланған. Барлық реанимациялық және емдік шара толық жүргізілгенімен, жағдайы біртіндеп нашарлай бастаған. Жас сарбаздың өліміне ауыр бас-ми жарақатының салдарынан туындаған асқыну себеп болған.
ЕРЖАН ӘДІЛБЕКОВ, ҰШМ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Ауыр жарақаттан инфекция асқынды. Сепсис пен көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. Науқасқа ем мен күтімнің бәрі жасалды. Соған қарамастан оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Еске салайық, Ербаян Мұхтардың оқиғасы 2023 жылдың желтоқсанында қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол мерзімді әскери қызметі кезінде бас-ми жарақатын алған. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын айтқан. Алайда 2024 жылдың тамызында сарбаздың жарақат алуына байланысты тергеу басталды. Ербаян Мұхтарға бірнеше күрделі операция жасалғанымен, денсаулығы сол күйі оңалмады. Ұлын аяққа тұрғызуға тырысқан отбасы оны бірнеше мәрте шетелге де апарып емдеткен. Ал құқық қорғау органдары тергеудің әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.