Алматыда «Жібек жолы» метро станциясының қабырғаcынан су сорғалап жатыр. Осыған байланысты түрлі бейнежазба әлеуметтік желіде желдей есіп, тұрғындардың мазасын қашырды. Бұл нысанның жұмысына қауіпті ме? Жауаптылар не дейді?
Бағанадан аққан су, қабырғадағы дымқыл із, суланған еден. «Жібек жолы» метро станциясынан түсірілген осындай кадр әлеуметтік желіде лезде таралып, қала тұрғындарының қызу талқысына айналды.
Станция қабырғаларынан аққан судың орны көзге күйік болып тұр. Дегенмен мамандар алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартады. Олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыс атқарылып жатыр.
НҰРЛАН ИСАБЕКОВ, ТОННЕЛЬ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
— «Гоголь» және «Назарбаев» даңғылы қиылысындағы құбыр жарылып, су аққан. Ақауды таптық. Арнайы гидрооқшаулағыш шайырды пайдаланып, тесікті бітеп жатырмыз. Судың нөпірі бүгінде айтарлықтай азайды. Бірақ әлі де уақыт қажет.
Сарапшылар да инженерлердің бұл пікірімен келіседі. «Бірақ сақтық шараларына уақытында мән берген абзал», — дейді.
Қазір «Жібек жолы» метро станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жауаптылар алдағы бірнеше күнде қайта қалпына келітіреміз деп сендіріп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.