Ғалымдар Жетісу жерінен ортағасырлық шаһардың орнын анықтады. Қапал ауылының маңындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Х-ХІІ ғасырға тән қалашық табылған. Қазір зерттеушілер қаланың құрылымы мен тұрғындарының өмір салтын зерттеп жатыр.
Жетісуда көне өркениеттің ізі көп. Қапал тауының етегіндегі көне шаһар да Х–ХІІ ғасырларда-ақ тіршілігі қайнаған орталық болған. Алайда ғалымдар бұл тек алғашқы зерттеу нәтижелері екенін айтады. Мамандар қаланың негізі бұдан ертерек қаланған болуы мүмкін деген болжап отыр. Көне қоныстың аумағы да ауқымды. Шаһристан бөлігінің көлемі шамамен 5 гектарға жетсе, бай-бағландар мен билеушілер мекендеген цитадель жарты гектар жерді алып жатыр.
АКБАР ЕРҒАБЫЛОВ, АРХЕОЛОГ:
— Қапалдың жолында мықты қалашық, абыройлы қала болған деп айта аламын. Өзінің басшысы болған. Салыстырмалы түрде 1,5-2 мың адам тұрған болуы мүмкін.
Археологтар: «Көне қаланы үш жылдан бері зерттеп келеміз», — дейді. Осы уақыт ішінде екі мыңнан астам жануар сүйегінің қалдықтары табылған көрінеді. Оның ішінде сиыр мен ұсақ мал сүйектері көп. Ғалымдардың айтуынша, бұл жергілікті халықтың егін егіп, мал бағып қана қоймай, аңшылықпен де айналысқанын аңғартады.
САМАТ ШӘКЕНОВ, АРХЕОЛОГ:
— Арпа, тары, бидайдың қалдықтары табылды. Біз анықтамаған, зертханалық жағдайда анықтау керек бір жемістің сүйегі де табылды.
Қапал аймағы археологтар үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл өңірде әртүрлі тарихи кезеңдерге жататын 70-ке жуық қоныс орны анықталған екен. Оның ішінде Неолит дәуірінен қалған қорымдар да бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.