Павлодарда тұратын Сәдуақасовтар отбасы тек ел ішінде ғана емес, шетелге де танылған. Отағасы Рустам Сәдуақасов – бокс жаттықтырушысы әрі спортшылардың жылдамдығын дамытуға арналған авторлық әдістеменің авторы. Оның қызы Эвника интернетте тараған бейнероликтен кейін «әлемдегі ең шапшаң қыз» атанып, әлем жұртшылығының назарын аударды.
Сегіз баланы спортқа баулыған Сәдуақасов отбасы үшін тәртіп пен еңбек – басты құндылық. Рустам Сәдуақасов балаларын өзі жаттықтырып, жылдамдық пен техниканы дамытуға арналған авторлық әдістемесін қолданады.
РУСТАМ СӘДУАҚАСОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Бұл – біздің отбасымыз жасаған «Эвник» жылдамдық тренажері. Ғылым тілінде оны серпімді инерциялық жүйе деп атайды. Екпінді соққы техникасын жетілдіру үшін қолданамыз. Жаттығу осы тренажер құрылғыға лайықталған.
Тренажер спортшылардың жылдамдығын, дәлдігін және қозғалыс үйлесімділігін дамытуға көмектеседі. Өнертабысқа патент бар. Тиімділігін Рустам Сәдуақасовтың қыздары спорттағы нәтижесімен дәлелдеп жүр.
АНЖА СӘДУАҚАСОВА, СПОРТШЫ:
— Әкем бізді кішкентайымыздан жаттықтырды, тіпті бесіктен бастап десем де болады. Кейін өзім саналы түрде қызыға бастадым. Маған бокс ұнады, бәсекелестік пен осы спорттың ерекше рухы тартты.
ЭВНИКА СӘДУАҚАСОВА, СПОРТШЫ:
— Мен үнемі үлкендердің қалай жаттығатынын көріп өстім. Үйімізде үлкен спортзал болды, әкем – жаттықтырушы. Жалпы біздің отбасымыз түгелдей спортпен айналысады. Анам – спорттық гимнастика мен акробатикадан спорт шебері. Осындай ортада өскен соң, өзің де қайталап, спортқа қызыға бастайсың.
АДЕЛАИДА СӘДУАҚАСОВА, СПОРТШЫ:
— Таңғы сағат 4:30-да тұрып, кросс жүгіреміз. Кейін үйге келіп демаламыз, содан соң қайта тұрып жаттығуға барамыз. Бәріміз бірге жаттығамыз.
ХАТШЕПСУТ СӘДУАҚАСОВА, СПОРТШЫ:
— Мен боксқа келгеніме мүлде өкінбеймін. Жетістіктерім бар, алға қарай дамып келемін. Біз бірге жаттығамыз. Жалғыз жүргеннен гөрі, әпке-сіңлілеріңмен бірге жаттыққан әлдеқайда жақсы.
Осыдан он жыл бұрын Сәдуақасовтар отбасы туралы бүкіл әлем айта бастады. Бұған себеп болған – «Әлемдегі ең шапшаң қыз» атты бейнеролик. Интернетте кең тараған видео Эвниканы танымал етіп, шетелдік журналистердің назарын аударды.
РУСТАМ СӘДУАҚАСОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Біз Америкада екі рет болдық. Стив Харвимен, Эллен Дедженереспен жұмыс істедік. MTV, ESPN және басқа да ірі арналарға шықтық, Ұлыбританияда болдық. Қыз баласының еңбекқорлығы, шапшаңдығы, жылдамдығы мен зейіні таңғалдырды. Тіпті Майк Тайсонның өзі назар аударып, бізбен байланысқа шықты.
Рустам Сәдуақасов кезінде Қазақстанның ұлттық құрамасымен жұмыс істеген. Оның жетекшілігіндегі команда Азия ойындарында тарихи нәтижеге қол жеткізген. Қазір жаттықтырушы бар білгенін қыздарына үйретіп жүр. Нәтижесінде қызы Хатшепсут Сәдуақасова Өзбекстанда өткен бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.