Ақтөбеде 55 жастағы ер адамның өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Марқұмның денесін биыл наурыз айында қоқыс жәшігінің жанынан ала сөмкенің ішінен тұрғындар тапқан. Сол аумақта жұмыс істейтін аула сыпырушы журналистерге күмән тудырған сөмкенің қоқыс маңында бірнеше күн жатқанын және одан өткір иіс шыққанын айтқан еді. Айыпталушы орындығында 62 жастағы жергілікті тұрғын отыр. Прокурордың айтуынша, биылғы 21 ақпанда ол өз пәтерінде танысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін екеуі сөзге келіспей қалып, қонағына бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Ол сол жерде тіл тартпай кеткен. Қылмысты жасыру үшін күдікті мәйітті сөмкеге салып, үш күннен кейін қоқыс контейнерінің жанына апарып тастаған. Мәйіт тек 11 наурызда табылды. «Адам өлтіру» бабының санкциясы бойынша күдікті 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот отырысына жәбірленуші тараптың өкілдері келген жоқ.
ҚУАНЫШ КҮЗЕНБАЕВ, ПРОКУРОР:
— 24 ақпан 2026 жылы сағат 04:00 шамасында Аймұқатов өзінің жасаған қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында өлі жатқан жәбірленуші Ермұқановтың денесі салынған ақ-қара сөмкесін шанаға салып, Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі үйдің жанына орналасқан қоқыс жәшігіне тастап кетіп, оқиға болған жерден бой тасалаған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.