Ішкі көші-қон талаптары қатаңдатылды

Тұрғындары тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға көшу қиындай түсті. Себебі елімізде маусым айынан бастап ішкі көші-қон талаптары қатаңдатылды. Енді қоныс аударған ағайындарға мемлекет тарапынан үлестірілетін төлемдер бірден жасалмайды.
Тұрсынәлі Ауғанбек – жуырда Алматы облысынан қоныс аударған. Азамат бірден Тайынша қаласынан жеміс-жидек сататын шағын сауда орнын ашты. Енді жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамту жоспары бар. Көпбалалы отбасыға «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» табысталып, Миронов ауылынан баспаналы болды.
ТҰРСЫНӘЛІ АУҒАНБЕК – МИРОНОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Алматы облысында да жеміс-жидек сататын едік. Бірақ ол жерде бәсекелестік көбейіп кетті. Содан осы жаққа қоныс аудардым, өзім қыста келіп, қысы қалай болатынын көрдім. Көңіліме ұнап, осы жаққа бала-шағаммен қоныс аудардым. Бұл үйге көшіп келгеніме бір апта болды. Үй алып берді үйді. Барлық жағынан көмектесіп жатыр.

Биыл еліміздің солтүстігіне 3000 мыңға жуық адамды қабылдау үшін квота бөлінді. Оның 207-і қандастарға үлестірілді. Бүгінде аталған квотаның 82 проценті игерілген. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандар тиісті субсидияларын алды. Енді бұдан былай атаулы көмек бірден берілмейді. Себебі көші-қон талаптары қатаңдатылып, мемлекеттік төлемдерді алу шарттары өзгерді.

АЛМАГҮЛ РАМАЗАНОВА, ЕҢБЕК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Квотамен келгендер тұрақты жұмысқа орналасуы міндетті. Қоныс аударушыға берілетін субсидия зейнетақы жарналарының түсуіне сәйкес, үш ай жұмыс істегеннен кейін ғана төленеді. Тұрғын үйді жалдау ақысына берілетін өтемақы да тұрақты жұмыспен қамтылған жағдайда ғана алты айдан соң беріледі. Ал экономикалық ұтқырлық сертификатын алу үшін он екі ай күту қажет. Қазір біз жұмыспен қамту басқарамсымен бірлесіп, бұл мерзімдерді қысқарту жөнінде ұсыныс әзірледік. Өйткені қолданыстағы талаптар айтарлықтай қиындық туғызады.

Мәселе өзекті. Себебі аймақта білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы секілді салаларға әлі күнге 1500-ден астам маман жетіспейді. Жалпы оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы 2016 жылы басталған. Оны аралықта теріскейге 22 мыңнан астам адам тұрақтады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал