Францияда аптап ыстықтан үй құстары қырылып жатыр

Жүздеген мың қырылған құс, температуралық рекордтар және аптап ыстықтың ауыр салдары. Батыс Еуропа соңғы жылдардағы ең күшті ыстық толқындарының бірін бастан өткеріп жатыр. Францияда жоғары температура құс фермаларындағы үй құстарының жаппай қырылуына себеп болды. Ауа райының әсері бірнеше елде қатар сезілуде. Аптап ыстық Еуропаға қалай әсер етіп жатыр? Ал Қазақстандықтарға алаңдауға негіз бар ма?
Батыс Еуропаны жайлаған аптап ыстық күтпеген қиындық туғызды. Франциядағы құс фермаларында жоғары температура салдарынан үй құстары жаппай қырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, шығын мыңдаған басқа жеткен. Өлекселерді шығару жұмыстары да қиындаған. Арнайы қызметтер үлгермей жатқандықтан, билік оларды шаруашылық аумағында көму мүмкіндігін қарастырып жатыр.

ФЕРМЕР:
— Қазір біз аптап ыстықпен бетпе-бет келіп отырмыз. Әрине, үй құсы да, малдың да көрген күні осы. Салдарынан ыстықтан болатын өлім-жітім көрсеткіші қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болып тұр.

Аптап ыстық Еуропаның бірнеше елін қатар шарпыды. Испанияда ауа температурасы 40 градустан жоғары болып тұр, Италияда билік ірі қалаларда қауіпсіздік шараларын күшейткен. Ал Францияның кей өңірінде ауа температурасы 44 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындардың мазасы қашқан.

ТУРИСТ:
— Парижге алғаш рет келіп едім. Бірақ Эйфель мұнарасының жабық екенін көріп, көңілім түсіп қалды. Қазір мұнда шамамен 40 градус ыстық. Дегенмен ештеңе етпес, бәлкім келесі жолы келіп, Эйфель мұнарасын тамашалайтын шығармын.

Аптап ыстықтың әсері Қазақстанда да сезіле бастады. Елдің бірқатар өңірінде ауа температурасы жоғарылап, кей жерлерде қауіпті межеге жақындап қалды.
АФРОДИТА ПІРІМЖАР, ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:
— Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде қатты ыстық бәсеңдеп, ауа температурасы 23-28 градусқа дейін төмендейді. Ал Қазақстанның оңтүстігі және шығысында Ашхабад маңындағы құрғақ әрі жылы массаларының келуі жалғасады. Соның әсерінен күн ыстық болып, ауа температурасы 33-38 градусқа дейін, ал кейбір аудандарда аптап ыстық 40-42 градусқа жетуі мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, биылғы жаз соңғы жылдардағы ең ыстық маусымның бірі болуы мүмкін. Әзірге Қазақстанда Еуропадағыдай ауыр салдар тіркелмеген. Дегенмен мамандар тұрғындарға ауа райы болжамын жіті бақылап, аптап ыстық кезінде сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал