Өңір журналистеріне көрсетілетін қолдау кеңейеді. Биыл алғаш рет облыстарда еңбек етіп жүрген Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне пәтер кілті табысталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтау рәсімінде мәлімдеді. Ақордада ақпарат саласының үздіктері марапатталып, бірқатары мемлекеттік наградаларға ие болды.
Бүгін ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген масс-медиа өкілдері Ақорда төрінде сый-сияпатқа бөленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, тілшілер қауымын «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазір заманауи, жедел ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да – журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет. Мемлекет сіздердің ерең еңбектерінді жоғары бағалайды.
Абай облысындағы республикалық басылым жетекшісі Райхан Әбілмәнсұрқызы Президент қолынан «Құрмет» орденін алды. Бұл марапатты тұтас шығармашылық ұжымның еңбегіне берілген баға дейді. Осыдан 34 жыл бұрын алғаш рет жарық көрген басылым бүгінде қазақ руханиятының алтын қазығына айналған.
РАЙХАН ШАРАПИЕВА, «АБАЙ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Мемлекет басшысы жуырда Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу туралы бастама көтерген болатын. Журналистер, ғалымдар осы тақырыпта көп көлемді мақала жіберіп жатыр. Журналдың ыстығы мен суығына шыдап, жұмыс атқарып келе жатырғаныма 34 жыл болды. Таралым азайған жоқ, оқырмандар жыл сайын көбейіп келе жатыр. Айына екі рет шығады.
Жалпы соңғы үш жылда Астана қаласында 200-дей журналист баспаналы болды. Ал биыл алғаш рет аймақтардағы бұқаралық ақпарат өкілдеріне пәтер кілті табысталады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге пәтер кілті табысталады. Биылдың өзінде еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі.
Бұл шешім өңірлік журналистиканы қолдауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Себебі аймақтағы тілшілер халықпен етене жұмыс істеп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді қоғамда көтеріп жүр. «Ал халықтың сенімі – журналистің басты марапаты», — дейді «QOSTANAI» телеарнасы директорының орынбасары Лина Карелина. Еңбек жолын «Жаңалықтар бөлімінің» тілші қызметінен бастаған білімді, білікті маман бүгін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
ЛИНА КАРЕЛИНА, «QOSTANAI» ТЕЛЕАРНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өңірлік медианы дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Өйткені аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халықпен етене жұмыс істейді, олардың талап-тілегін тыңдайды. Сондықтан өңірлік БАҚ қаншалықты мықты болса, өңірлер де соншалықты қуатты болады. Мемлекет басшысының өңірдегі телеарналарға ерекше назар аударып отырғаны – біз үшін үлкен қолдау.
Мемлекет басшысы қазіргі ақпарат кеңістігіндегі өзекті мәселелерге де тоқталды. Президенттің айтуынша, қоғамға іріткі салатын бот желісі мен дипфейктің таралуы қауіпсіздік мәселесінің өзегіне айналды. Сондықтан халықтың медиасауатын арттыру – уақыт күттірмейтін мәселе. Мемлекет басшысы ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталуы қажет екеніне назар аударды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.