Петропавлда 62 жастағы ер адам шомылу кезінде қайтыс болды

Еліміздің солтүстігінде 62 жастағы ер адам шомылу кезінде суға тұншығып, мерт болды. Қайғылы оқиға Петропавл қаласына кіре берістегі «Алакөл» су айдынында болған. Айта кету керек, бұл шаhардағы қауіпсіз деп танылған жалғыз орын. Куәгерлердің сөзінше шомылу кезінде оның жағдайы кенеттен нашарлай түскен. Алғашқының бірі болып осы маңда жүрген демалушылар көмек көрсетіп, артынша жедел жәрдем шақыртқан. Алайда ақ халаттылар 1963 жылы туған азаматты ажалдан арашалай алмады. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама қорытындысы белгілі болды. Ер адамның тыныс алу жолдары суға толып, бітелген. Салдарынан тұншығып қалған. Аталған фактіге қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айта кеткен жөн, соңғы бірнеше аптада аймақта осымен 3 адам су құрбаны айналды.
АБЫЛАЙХАН ЖАҚСЫЛЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Оқыс оқиға кезінде кезекшілікте құтқарушы болды. Ол жедел жәрдем бригадасы мен төтенше жағдайлар қызметкерлері келгенше алғашқы көмек көрсетті. Медицина мамандары жеткен соң, реанимациялық шаралар тағы 30 минутқа жалғасты. Алайда ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал