Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 200-ден асты

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 200-ден асты. 1 520 адам жарақат алып, мыңдаған тұрғын хабар-ошарсыз кеткен. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, ал Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруімен халықаралық іздестіру-құтқару топтары апат аймағына жіберілді.
МАРИЯ АЛЕХАНДРА, КАРАКАС ТҰРҒЫНЫ:
— Мен үйде отырған едім. Киініп шығып үлгердім. Барлық қабырға жарылған. Есіктен әзер шықтық. Төменге түсіп, қирандылардың арасымен өттік. Шаңнан ештеңе көрінбейді. Барлығы қорқынышты фильмдегідей көз алдымызда болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Венесуэла билігінен қазақстандықтардың зардап шеккені туралы ақпарат түспегенін хабарлады.
Ал Жапонияның солтүстік-шығысында магнитудасы 7,2 балдық жер сілкінісінен Аомори префектурасында төрт адам зардап шекті. Олардың арасында егде жастағы тұрғындар мен балалар бар. Табиғи апатқа байланысты Хасиками қаласындағы бес мектеп және Хатинохе қаласындағы 65 білім беру ұйымы уақытша жабылды. Сондай-ақ Токио–Син-Аомори бағытындағы пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Жер сілкінісінен кейін цунами қаупі туындаған жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал