Қаржы министрі 2025 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есеп берді

Үкімет 2025 жылдың қорытындысын оң бағалап отыр. Ресми дерекке сүйенсек, экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім 14,7 миллиард долларға артқан. Бұл – алдыңғы жылғы 5 пайыздық өсімнен жоғары көрсеткіш. Үкімет енді осы өсімді халықтың нақты табысына айналдыруды міндет етіп отыр. Былтырғы бюджет қалай жұмсалғаны туралы Парламент палаталары бірлескен отырысында Қаржы министрі есеп берді.
Қаржы министрінің айтуынша, былтыр орташа айлық жалақы 442 мың теңге болған. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз көлемінде қалды. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі алғаш рет 30 пайыздан асты. «Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті әлемдік орташа деңгейге, яғни 40 пайызға жеткізу», — деді Мәди Такиев. Ол үшін Үкімет жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Депутаттар оның нәтижесін қанша азамат көретінін сұрады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
— 276 млрд тг бөлу қарастырылған. Кәсіпкер 100 млн субсидия алса, 1 жаңа жұмыс орны ашуы керек.
Өңірлер республикалық бюджетке әлі де тәуелді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған. Яғни көптеген аймақ әлі де өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмайды. Ұлттық қор активтері көбейгенімен, балаларға бөлінетін қаржы үш жылда небәрі 370 доллар көлемінде қалып отыр. Бұл ретте Жоғары аудиторлық палата басшысы бұл ақшаны зейнетақы жинағындағы қор сияқты инвестициялау арқылы көбейтуді ұсынды. Ал депутаттарды IT-саласына бөлінген қаржы қызықтырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
— «Деректерді өңдеу орталықтары» алқабы атты жоба Павлодар облысында жүзеге асырылып жатыр. Біз бұл жобаға үлкен үміт артамыз. Қазіргі таңда деректерді өңдеу нарығы өте жылдам өсіп бара жатыр және біз де осы нарықтың бір бөлігін өзімізге тартып алуымыз керек. Сондықтан біз жобаны қолға алдық, қызығушылық өте жоғары. Көптеген елдерден компаниялар келіп жатыр. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Дайын тұрған келісімшарттар да бар. Жақында біз американдық Firebird компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Ол компанияның басты серіктесі – бүкіл әлемге танымал NVIDIA компаниясы. Сондықтан біз бұл компанияларды сенімді серіктестеріміз ретінде қарастырып жатырмыз. Жалпы тек осы Firebird компаниясы тарапынан инвестиция көлемі $10 млрджуық. Бұл – өте ауқымды көлем.
Бюджет есебі қалай жүргізілсе де, жұрттың ақшасы бұрынғыдай азық-түлікке және несие жабуға жұмсалып отыр. Мұны баяндама жасаған депутат Еркін Әбіл де атап өтті. Десе де екі палата бүгін былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал