АЭС салынатын Үлкен ауылы 90 мың халқы бар қалаға айналады

«Еліміздің алғашқы атом электр станциясы салынатын Үлкен ауылы болашақта 90 мың халқы бар қалаға айналады», — дейді сарапшылар. Қазір онда екі мыңдай адам тұрады. Былтыр ауылішілік жолдар жөнделіп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынған. Медицина мекемесі жуық арада пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Алматы – Астана тас жолынан Үлкен ауылына дейінгі жол күрделі жөндеуден өтеді. «Атом электр станциясының құрылысы сәтті жүзеге асса, ауылдың күретамырына қан жүгіріп, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады деген сенімдеміз», – дейді тұрғындар. Электр қуатын өндіретін жаңа стратегиялық нысанның қолданылу мерзімі – 60-80 жыл. Оның құрылысына 10 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Соның үш мыңы техникалық мамандық иелері болса, стратегиялық нысан пайдалануға берілгеннен кейін 2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
ГҮЛНАР АСАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Тұрғын ретінде, Қазақстанның азаматы ретінде мен қолдаймын. Бірінші кезекте, ауылдың жағдайы жақсарады. АЭС-тің маңызы зор деп ойлаймын.
ГҮЛНАЗ БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Үлкеніміз жақсарады деп ойлаймын, халық келеді. Тұрғындарға жұмыс болады. Босап жатқан үйлеріміз қайтадан жөнделсе, балаларға ойын алаңдары салынса дейміз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал