Оралда Ақтөбе мен Орынбор бағытына жаңа көпір салынады

Оралда көршілес Ақтөбе облысын одан әрі Ресейдің Орынбор аймағымен байланыстыратын жаңа көпір салынады. Жоба құны – 71 миллиард теңге. Қажет қаражат Республикалық бюджеттен бөлінеді. Тиісті сараптамадан сәтті, уақытылы өтсе, нысаннның құрылысын осы тамыз айында бастау жоспарланған.
Аймақтарды байланыстырып тұрғын жалғыз көпір осы. Ол да өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Содан бері еш күрделі жөндеу көрмеген. Ал 2023 жылы бұл көпір апатты деп танылды. Бірақ әлі күнге қызметін атқарып тұр. Қала мен әуежайға қатынайтын қоғамдық көліктер де, арғы беттегі ауылдарға, одан әрі көршілес облыс пен Ресейге баратындар да сол арқылы өтіп жатыр.

Жайық арқылы салынатын жаңа көпірдің ұзындығы 513 метр, өзен қойнауы арқылы тағы да 1710 метр болады. Жалпы ұзындығы 2 шақырымнан асады. Қазір құжаттары рәсімделіп жатыр. Содан соң құрылысты бастаймыз дейді тапсырыс беруші.

МЕРЛАН НӘСІПОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Көпірдің болжамды бағасы – 71 миллиард теңге. Құрылыс қазіргі қолданыстағы көпірдің қатарынан түседі. Бұрынғы көпір де қалады, бұзылмайды. Нысан облыс орталығы мен аудандарды, көршілес облыстарды байланыстырады. Жаңа көпір тек жеңіл және қоғамдық көліктерге арналады.

Жаңа көпір салынады деген хабарды естіген тұрғындар жағымды жаңалыққа бір марқайып қалды. Өзі тар, өзі апатты көпір арқылы қатынау олар үшін тиімсіз әрі қауіпті екені ақиқат. Алайда нысанның құрылысы қазіргі күні тек қағаз жүзінде.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Орал – Ақтөбе – РФ Орынбор облысы бағытындағы көпірдің жоба-сметалық құжаттамасы дайын. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Бәрі ойдағыдай болса, осы тамыз айында құрылыс басталады деп күтілуде. Алайда, оның нақты қашан басталатыны және аяқталатын мерзімі әзірге белгісіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал