Елордада шахматтан «Senat Open» ашық кубогының ақтық сыны өтіп жатыр

Елордада әуесқойлар арасындағы елдегі ең ірі шахмат додаларының бірі – «Senat Open» ашық кубогының үшінші маусымының ақтық сыны өтіп жатыр. Зияткерлік дода да дәрігерлер, мұғалімдер, мәслихат депутаттары, ардагерлер және еліміздің әр өңірінен келген үздік шахматшылар бақ сынауда.
«Senat Open» турнирі – Қазақстан шахмат федерациясы және Сенат қолдауымен 3 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан ірі республикалық жоба. Осы уақыт ішінде жарыс елдегі шахмат қозғалысының маңызды алаңына айналды. Мемлекеттік қызметшілер, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен әуесқой ойыншылар барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, үздіктері Астанадағы турнирдің ақтық сынына жолдама алды. Солардың бірі – Ақтөбе облысы Хромтау қаласының тұрғыны Мұхаммед Қамиев. Шахматпен 9 жасынан айналысады.

МҰХАММЕД ҚАМИЕВ, ERG КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Шахматқа көп рақмет айтқым келеді. Себебі кез келген адамның интеллектісін, ойын дамытады. Стратегиялық ойын болған соң, шахмат жұмыста да, өнерде де үлкен үлесін тигізеді.

ҚАДИША ОСПАНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
— Шахмат ойыны ересек өмірде міндетті түрде қажет болатын қабілеттерді қалыптастыруға көмектеседі. Өйткені адамның ойлау қабілетін дамытады. Мұндай дағдылар күнделікті өмірде де, кәсіби қызметте де аса қажет.

Турнирге қызығушылық бұрынғыдан да жоғары. Егер 2024 жылы жарысқа екі мыңнан астам адам қатысса, былтыр олардың саны үш мыңға жуықтаған. Ал биыл іріктеу кезеңдеріне еліміздің барлық өңірінен 8 мың 878 адам қатысып, шахмат тақтасы басында бақ сынады.

ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл – еліміздің барлық өңірінен рекордтық деңгейде мәслихат депутаттарын, мемлекеттік қызметшілерді және шахмат әуесқойларын бір арнаға тоғыстырған ең ауқымды турнирлердің бірі. «Senat Open» турнирі небәрі үш жыл ұйымдастырылып келеді. Бірақ, соған қарамастан, ол Қазақстандағы біртұтас шахмат экожүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бұл жарыстың ауқымдылығын көрсетеді.

Қазір еліміздегі бір мың жарым мыңдай білім беру мекемесінде шахмат оқытылады. Бұл зияткерлік ойынмен 60 мыңнан астам оқушы тұрақты түрде айналысады. Мұғалімдер арнайы даярлықтан өтіп, дарынды балаларды қолдауға арналған бағдарламалар да іске асырылып жатыр. Айта кетейік, былтыр қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстардан 162 медальді қоржынға салды. Оның 64-і – алтын. Ал биыл күзде Алматыда командалық әлем чемпионатының ақтық жарысы өтіп, қазақстандық командалар Кембридж, Оксфорд және Гарвард университеттерінің шахматшыларымен бақ сынасады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал