Түркістан облысында жол апатынан бір әулеттің 5 қызы көз жұмды

Түркістан облысында болған жантүршігерлік жол апаты бес адамның өмірін қиды. Кәмелетке толмаған қыз бала басқарған жеңіл көлік ауыл арасындағы жолда ағашқа соғылған. Көліктегі алты адамның тек біреуі аман қалған.
Түлкібас ауданындағы қайғылы оқиға 27 маусым күні болыпты. Соққының қатты болғаны соншалық Фольсфаген Поло автокөлігі екіге бөлініп кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кәмелетке толмаған қыз басқарған көлікте бауырларымен болған. Бір сәтте бүтін бір әулет қара жамылды.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Жантүршігерлік жол апаты дәл осы жерде болған. Жүйткіген көлік міне осы ағашқа келіп соқтығысқан. Ал көліктегі 6 адамның бәрі бір әулеттің балалары екен. Соның 5 қызы оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Жол бойында көліктің бөлшектері мен жолаушылардың заттары әлі де шашылып жатыр.

Көршілерінің сөзінше, көлік тізгінінде болған қыз биыл ғана 11-сыныпты тәмамдаған. Жақын күндері ұлттық бірыңғайлау тестілеу тапсыруы керек еді. Ауылдастары бұл жолда көліктердің жиі жүйткіп өтетінін айтады. Ал бес бала үшін бұл соңғы сапар болды.

БЕЙСЕКҮЛ КҮДЕРИЕВА, ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Үйіне көңіл айтып барып келдік. Байғұстар бәрі боздап, жылап отыр. Рөлдегі қыз менің немереммен оқиды екен. Қырдан қатты айдаған ғой.

Көліктегі алтыншы жолаушыны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетіп, жансақтау бөліміне жеткізген. Алайда медицина мамандары баланың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берген жоқ. Ал полиция жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабымен іс қозғады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
— Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады.
Айта кетейік, Түркістан облысында жыл басынан бергі 5 айдың ішінде жол апатынан 100 адам қайтыс болған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал