Францияда аптап ыстықтан 1200-ден астам адам көз жұмған

Әлемде табиғи апаттар толастар емес. Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен 69 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалған. Билік өңірдегі электр желісінің 75 пайызын қалпына келтіргенімен, мектептерде оқу тағы бір аптаға шегерілді. Ал Францияны аптап ыстық әбігерге салды. Елде ауа температурасының күрт көтерілуінен, өлім-жітім көбейген. Бірнеше өңірде қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Елімізде де ауа райы күрт құбылмақ. Синоптиктердің болжамы қандай?
Бұл кадрлар Венесуэланың Ла-Гуайра штатында түсірілген. Колумбиялық құтқарушылар үйінді астында үш тәулік жатқан 11 жастағы баланы аман алып шықты. Көпшілік мұны ғажайыпқа балап отыр. Алайда зілзаладан кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан 1430 адам қаза тауып, 69 мыңға жуық тұрғын із-түзсіз жоғалған.

ДЕЛСИ РОДРИГЕС, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Өңірдегі электр энергиясының 75 пайызы қалпына келтірілді. Ал мектептердегі оқу тағы бір аптаға кейінге шегерілді.
Ал Қытайдың Сычуань провинциясында болған 5,5 магнитудалы жер сілкінісінен 13 адам зардап шекті. Табиғи апаттан кейін 196 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Жерасты дүмпуі Гао уезіндегі Шахэ ауылы маңында, алты шақырым тереңдікте тіркелген. Осыған байланысты елде төтенше жағдайдың үшінші деңгейі жарияланды. Жалпы соңғы кездері әлемнің әр түкпірінде түрлі табиғи апаттардың жиілеуі қазақстандық экологтарды да алаңдатып отыр.
ЖАДЫРА НҰРТАЙ, ҚАЗТБУ ЭКОЛОГЫ:
— Әлемде болып жатқан табиғи апаттар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін. Еліміздің оңтүстік-шығысы сейсмикалық жоғары аймақта орналасқан. Жер сілкінісі бізге тікелей әсер етпесе де, өзіміздің табиғи сейсмикалық қауіп әрдайым сақталады.

Экологтардың айтуынша, климаттың өзгеруі, ең алдымен, аптап ыстықтың күшеюіне, құрғақшылықтың, су тапшылығы мен орман өрттерінің жиілеуіне әсер етеді. Ал таулы аймақтарда мұздықтардың еруі сел қаупін арттырып отыр. Мұның бәрі ауыл шаруашылығына, су қорына қосымша салмақ түсіреді. Жалпы синоптиктердің мәлімстенше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бұған белсенді циклон мен атмосфералық фронттардың әсері себеп. Елдің көп бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде нөсер, бұршақ және екпінді жел күтіледі.

МАҚПАЛ БОТАЕВА, ҚАЗГИДРОМЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Күндізгі ауа температурасы батыс және солтүстік батыс өңірлерде 18-28 градусқа дейін, солтүстік өңірлерде 22- 30 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік те аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі күтіледі. Ауа температурасы 23-35 градус аралығында болады. Тек еліміздің шығысында, солтүстік шығысында және оңтүстік шығысында ыстық ауа райы әлі де сақталады. Бұл өңірдлер де ауа температрасы 30-38 градусқа дейін көтеріледі.

Ал Батыс Еуропаны жайлаған аптап ыстықтың салдары Францияда да ауыр болып тұр. Елде өлім-жітім көрсеткіші күрт өскен. Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, соңғы аптада 1200-ден астам адам көз жұмған. Әсіресе қауіптің ең жоғары «қызыл» деңгейі жарияланған Иль-де-Франс, Жаңа Аквитания, Бретань, Орталық – Луара аңғары, Нормандия және Пеи-де-ла-Луар аймақтарында жағдай күрделі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал