Астанадағы жатақханада өрт қауіпсіздігі талаптары өрескел бұзылған

Астанадағы 50-ден аса адам тұратын жатахана өрт қауіпсіздігі талаптарына мүлдем сай болмай шықты. Нысанда төтенше жағдай бола қалған жағдайда шығатын эвакуациялық жол жоқ. Сондай-ақ рейд барысында электр сымдарының бұралып жалғанғаны анықталды.
Қауіпсіздік алдын алу шараларынан басталады. Осы мақсатта өрт қауіпсіздігі қызметінің мамандары аудан прокуратурасы, әкімдік және төтенше жағдайлар басқармасы арасында жасалған «Айқын нәтиже» меморандумы аясында күн сайын профилактикалық рейдтер өткізеді. Тексеру барысында мамандар автоматты өрт дабылы жүйесінің жарамдылығын, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуын, эвакуация жолдарын және электр желілерінің жай-күйін тексереді.

ДАМИР ХИСМАТУЛЛИН, САРЫАРҚА АУДАНЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Рейд барысында жалдамалы тұрғын үйлер, жатақханалар, хостелдер және өрт шығу қаупі жоғары шағын және орта бизнес нысандары тексеріледі. Бұл нысандарға адамдар жиі келетіндіктен, қауіп деңгейі жоғары. Сондықтан басты мақсатымыз – тұрғындармен және нысан әкімшілігімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігін жеткізу.
Тексеру кезінде шағын және орта бизнес нысандары мен қоғамдық ғимараттарға ерекше назар аударылады. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында қосымша эвакуациялық жолдың болмауы және электр желілерінің ақаулары бар. Мамандардың айтуынша, электр сымдарының ақауы өрттің ең көп таралған себептерінің бірі.

НҰРЗАТ БӨРІБАЕВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ТЖБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жатақханалардағы негізгі назар эвакуация жолдарының талапқа сай болуына, автоматты өрт дабылы жүйесінің жұмысына, өрт сөндіру құралдарының жарамдылығына және электр желілерінің қауіпсіздігіне аударылады.
Анықталған заңбұзушылықтарды жоюға 2 ай уақыт беріледі. Егер осы мерзімде кемшіліктер жойылмаса, материалдар сотқа жолданады. Жыл басынан бері тек Сарыарқа ауданында жүзден астам профилактикалық рейд өткізілді. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Ал алдын алу шаралары қайғылы жағдайлардың алдын алып, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал