Алматы облысындағы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2026» этнофестивалі өтті. Қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық спорт түрлері дәріптелген іс-шараға бұл жолы 35 мыңнан астам мейман қатысты. Олардың қатарында Түркия, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан мемлекеттерінен келген қонақтар бар. Тойға жиналған халық Кегеннің дәмі тіл үйіретін бал қымызынан дәм татып, бәйге және қазақ күресінен өткен «түйе палуан» сайысын тамашалады.
«Қымызмұрындық» этнофестивалі Кеген ауданында бірнеше жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Биыл тарихи оқиғаға куә болған Қарқара жайлауында жүз шақты киіз үй тігіліп, этноауыл бой көтерді. Ұйымдастырушылар қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізіп, халықтың алдынан мың жылқыны айдап өтті.
Балуандар белдесуі мен бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазақ «биылғы аламанда кімнің аты озар екен?», «Кім түйе палуан атанар екен?» деп елеңдесті. Аламан бәйгеде Жамбыл облысының Айтолқын атты тұлпары жеңіске жетіп, ат иесі бас жүлдеге тігілген су жаңа автокөлікті ұтып алды. Топ бәйгеде Жамбыл облысының Бәйтерегі алдына қара салмады. Ал құнан бәйгеде Қырғыз Республикасының Таңсұлу атты тұлпары топ жарды. Қос жүйріктің қожайынына да темір тұрлпардың кілті табыс етілді.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— «Қымызмұрындық» мерекесі бесінші жыл өтіп жатыр. Соңғы үш жылда жақсы қарқынмен дамып жатыр. Бұл – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, осы өңірмен таныстыру. Республикалық деңгейде спорттық жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Көптеген өңірден атбегілер де келіп қатысуда. Шетелдік біраз азаматтарды өзіміз шақырдық, басқалары өздері естіп келіп жатыр.
Абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде астаналық Жасұлан Қалқабаевтың бағы жанды. Ол ақтық сында Шымкенттің өрені Нұрсұлтан Қожагелдіден басым түсіп, жүлдеге тігілген төртінші темір тұлпарды ұтып алды. Жарыстың жүлде қоры жылдан жылға ұлғайп келеді. Биыл ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған турнирлерге су жаңа төрт автокөлікпен қоса 15 млн теңге тігілді.
«Қымызмұрындық – 2026» этнофестиваліне жиналған халық «Толағайлар сайысы» мен қошқар көтеру жарысын да тамашалады. «Осындай іс-шаралар тарихи мұрамызды сақтап, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және дәстүрлі спорт түрлеріне қызығушылығын нығайтуға ықпал етеді», – деді ұйымдастырушылар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.