Парламент жаңаша форматта жұмысын бастайды

Мәжіліс пен Сенат депутаттары қос палаталы Парламент тарихындағы соңғы бірлескен отырысын өткізді. Ертеңнен бастап елдің заң шығару жүйесі жаңа Конституцияға сәйкес жаңаша форматта жұмысын бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың негізгі бағыттарын айқындап, Құрылтайдың рөліне тоқталды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бүгінгі бірлескен отырыс – қос палаталы Парламенттің тарихындағы соңғы жиын. Ертеңнен бастап елдің заң шығару жүйесі жаңа Конституцияға сай жұмыс істейді. Енді қазіргі Парламенттің құқықтық мұрагері Құрылтай болады. Дәл қазір кулуарда депутаттар біртіндеп жиналып жатыр. Журналистердің де басты сауалдарының бірі – бүгінгі халық қалаулыларының қайсысы жаңа Құрылтай құрамына сайланады?
Мәжіліс пен Сенат депутаттары осы құрамда соңғы рет бас қосты. Сондықтан Парламент кулуарындағы бүгінгі көңіл күй де ерекше. Бірі атқарылған жұмысқа есеп берсе, енді бірі алдағы саяси өзгерістерден не күтетін айтты.

МАКСИМ РОЖИН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жаңа Конституция елімізге жаңа серпін, жаңа белестер әкеледі деген сенімдемін.
АСХАТ РАХИМЖАНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бір палаталы Құрылтайдың басты артықшылығы – заң жобаларын қарауға уақыт көбірек бөлінеді. Демек, әр құжат жан-жақты талқыланып, сапалы түзетулер енгізуге мүмкіндік артады. Депутаттар санының көбеюі де заң шығару жұмысына оң әсер етеді. Қазір жеті комитет болса, жаңа жүйеде сегіз комитет жұмыс істейді. Бұл бағыттарды кеңірек қамтуға жол ашады.
Депутаттар сайлаушылардың сенімін барынша ақтауға тырысқандарын айтады. Атқарған жұмыстарын нәтижелі деп бағалайды.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Менің көтерген түзетулерім – 1 мың. 96 депутаттық сауал жолдадым. Олар ауыл шаруашылығы, су кодексі, салық кодексі мәселелерін көтерді.

ҮНЗИЛӘ ШАПАҚ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Біздің 5 жылға бағытталған жоспарымыз болды. Сол жоспардың 2 жылдық уақыты қалып қойды. Арасында орындалмай қалғаны бар. Енді оны әрі қарай Құрылтай жұмысын атқарған кезде орындайды деп сенеміз.
Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысына Президент Қасым- Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы депутаттық корпустың атқарған жұмысына қорытынды жасап, елдегі саяси жаңғырудың алдағы басым бағыттарын айқындады. Мемлекет басшысы жаңа Құрылтайдың рөліне тоқталып, Халық кеңесін құру, цифрлық мемлекетті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және әділетті қоғам қағидаттарын нығайту негізгі міндеттердің бірі болатынын айтты.
Конституциялық реформаны әзірлеуге қатысқан депутаттар бүгінгі шешімдердің тарихи маңызы зор екенін айтады. Олар бұл өзгерістердің оң нәтижесін келешек ұрпақ сезінеді деген пікірде.

Сондай-ақ Президент Amanat партиясының «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Ертең жаңа Конституция туралы Жарлық жарияланады. Ал саяси партиялар алдағы сайлауға дайындықты бастап кетті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Оның түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын, әл ауқатын жақсарту.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал