Жолдың сапасын жасыру енді қиын. Солтүстік Қазақстанда жасанды интеллекті бар цифрлық жүйе әр сынаманы мұқият тексеріп, барлық деректі онлайн тіркейді. Соған қарамастан тексерілген үлгілердің бестен бірі талапқа сай болмай шыққан. Бұл жүйенің ерекшелігі неде?
Бұл – Петропавл қаласы шетіндегі айналма жол. Оның 30 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Дайын болған аумақтан мамандар керн үлгілерін алып, жабын сапасын тексеруде. Әр кернге QR-код беріледі. Ал алынған орны картада автоматты түрде белгіленеді. Цифрлық технология жауаптылардың жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен.
АЙДАР СӘДУАҚАСОВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
— Бұрын мұндай актілердің барлығын қолмен толтыратын едік. Қазір бәрі электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Адами фактордың әсері толықтай жойылды. Оның үстіне фото-фиксация кезінде суреттер автоматты түрде үлгілердің нақты қай жерден алынғанын көрсетеді.
Жүйе барлық процесстің ашықтығын қамтамасыз етеді. Яғни алынған сынамалар нақты уақыт режимінде базаға тіркеледі. Ал деректерді бұрмалау мүмкін емес. Себебі зертханаға жеткізілген материалдарға жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғылар сараптама жасайды.
Айта кеткен жөн, облыста алынған үлгілердің әр бесіншісі талапқа сай емес. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер мен мердігерлерге ескерту жолданды. Жөндеу аяқталған соң, учаскелер қайта тексеріледі.
ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Жыл басынан бері 440 үлгі тексерілді. Ал оның 20 проценті талапқа сай емес екені анықталды. Тиісті нұсқамалар жолданды. Енді мердігерлер олқылықтың орнын толтыру тиіс. Содан кейін ғана ескертулер жүйеден алынады.
Аймақта автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 200 шақырымды құрайды. Биыл оның 700 шақырымы тегістеледі. Бұл мақсатқа -90 миллиардқа жуық қаржы бағытталып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.