«Көкмайса» этнофестивалі: 500 бие сауылып, ондаған киіз үй тігілді

500 бие сауылып, ондаған киіз үй тігіліп, мыңдаған қонақ жиналды. Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында «Көкмайса» этнофестивалі өтті. Бұл шара әлдеқашан жай ғана мерекелік жиыннан асып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін үлкен мәдени жобаға айналды. Мұнда ата-баба дәстүрі көрсетіліп қана қоймай, қазақ даласының тыныс-тіршілігін сезінуге, ұлттық тағамдардан дәм татуға және көне салт-дәстүрлердің бір бөлігі болуға мүмкіндік берді.
Биыл дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі 11 рет ұйымдастырылды. Бұл жолы алғаш рет Жаңаарқа жерінде өтті. Бұған дейін фестиваль Ұлытау ауданында өткізілген болатын. Бір алаңға 35 киіз үй тігіліп, ұлттық мәдениетпен танысуға және мерекелік шараларға қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 15 мыңға жуық адам келді. Этноауылдарда таң атқаннан қазақтың халық әндері шырқалып, қолөнершілер бірнеше ғасыр бұрын көшпелі халықтың күнделікті өмірінде болған бұйымдардың қалай жасалғанын көрсетті.

ЧАН ШАО ЧЖАН, ИНВЕСТОР:
— Қазақ жеріне алғаш рет келгеніме өте қуаныштымын. Бұл жерге аяқ басу – мен үшін ерекше оқиға. Осы мекеннің керемет энергиясын бірден сезіндім. Әсіресе ұлттық этноқозғалыс қатты әсер қалдырды. Мұндайды бұрын еш жерден көрген емеспін. Бұл – тек мәдениетпен танысу емес, халықтың рухын сезінуге мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе. Осы сапардан кейін бұл өңірге инвестициялық алаң ретінде қызығушылығымыз одан әрі арта түседі деп ойлаймын.

Фестивальдегі ең керемет көрініс 500 биенің қатар сауыны болды. Мұндай көріністі ауылдық жерлердің өзінде жиі кездестіре бермейсің. Осыдан кейін ежелгі «Қымызмұрындық» дәстүрі бойынша қонақтарға жаңа маусымның алғашқы қымызы ұсынылды. Ақсақалдар бата беріп, ұлттық сусыннан дәм татуға келгендердің қатары көп болды. Алайда «Көкмайса» тек қымызға қатысты дәстүрлермен шектелмеді. Фестиваль бойы ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Жиналған қауым көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, асық ату және кезінде әрбір көшпенді өмірінің бір бөлігі болған басқа да ұлттық сайыстарды тамашалады.

САНДУҒАШ АЗБАЕВА, ЕРӘЛИЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – бие сауу дәстүрін көрсетіп жатырмыз. Қымыз – ауруға ем, дертке шипа.
Қазақстанның әр өңірінен келген этноауылдар да ерекше назарға ие болды. Әр киіз үйде қонақтарды өзінше қарсы алып, ұлттық тағамдар ұсынып, отбасы дәстүрлері туралы әңгімелеп, театрландырылған қойылымдар мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарын көрсетті. Кешке фестиваль аясында спорттық жарыстардың жеңімпаздары және дәстүрлі құрақ көрпе жасаудан үздік шеберлер марапатталды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал