Тарихи күн. Бүгіннен бастап Қазақстан жаңа Конституциямен өмір сүруге көшті. Осыған байланысты Үкімет сағатында Ата заңдағы реформаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалды. Басымдық халықтың әл-ауқатын арттыруға, инфляцияны төмендетуге және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге беріледі. Өзгерістер білім беру саласын да қамтиды. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерге бірнеше жаңа міндетті пән енгізіледі.
Елімізде жаңа Конституция күшіне енді. Құжатта белгіленген реформаларды іске асыру үшін Үкіметке нақты міндет жүктелді. Жауапты министрлер алдағы жұмыс жоспарын таныстырды. Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституция талаптарына сай Ұлттық мұрағат қоры, Қоғамдық кеңес және Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңдарға өзгеріс енгізілген. Бұдан бөлек, сөз бостандығы, ақпарат тарату, бейбіт жиындарды ұйымдастыру, діни ұйымдардың қызметі, волонтерлік пен қайырымдылықты қолдау мен мәдениет саласын қамтитын тағы 18 заңға түзету әзірленіп жатыр. Сондай-ақ этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданбақ.
АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазақстан Халқы ассамблеясы туралы заңның күші жойылды. Осыған байланысты кеше Қазақстан Халқы кеңесі хатшылығын құру туралы Жарлығына қол қойылды. Сондай-ақ бірқатар заңнамалық түзету пакеті әзірленді. Оның аясында алғаш рет этномәдени ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, достық үйлерінің құқықтық мәртебесі мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалды.
Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды таныстырды. Үкімет сапалы жұмыс орындарын көбейтуге, азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға және кәсіпкерлікті қолдауға басымдық береді. Сондай-ақ ең төменгі жалақы көтеру мәселесі қарастырылып жатыр.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Үкіметтің басты бағдары – халықтың нақты табысын 2-3 пайыздан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету. Халық табысының жоғарлауына экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз етуге және инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар ықпал етеді.
Бағаны тұрақтандыру да – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Премьер-министр жыл соңына дейін инфляция деңгейін 10 пайыздан төмен ұстап тұруды тапсырды. Бұл жұмыс Ұлттық банкпен бірлесіп жүргізіледі. Ал Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылар мен бизнес мүддесін қатар ескеретін теңгерімді тариф саясатын жүзеге асыру жүктелді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Отандық өндіріске қолдау көрсету, нарық тауарларын сақтау мен логистиканы дамыту шараларын, сондай-ақ баға саясатын реттеу және инвестицияларға тапсырыс беру құралдарын толық іске асыруды жалғастыру керек. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекетті коргандармен бірге тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, теңгерімді тарифтік саясатты іске асыруды қамтамасыз етсін.
Жаңа Конституция білім саласына да өзгеріс әкеледі. Білім министрлігі мемлекеттік білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын толық жаңартуға кірісті. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде бірнеше жаңа міндетті пән енгізіледі. 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздерін», ал 8-11 сыныптар «Заң және тәртіп» пәнін оқиды. Сонымен қатар 5-11 сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» сабағы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні болған «Құқық негіздері» енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Оның мазмұны жаңа Конституция қағидатына сай жаңартылады.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Біз оқулықтарды да түбегейлі өзгерттік. Осының ішінде биыл қайтадан басылып шығарылатын 3-7 сынып оқулықтары биылғы жылдың 30 тамызына дейін барлық білім беру ұйымына жеткізіледі. 4-9 сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтар 2027 жылы 1 қаңтарға дейін, ал 8-сыныптың барлық жаңа оқулығы 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерге толық жеткізіледі.
Министрдің айтуынша, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығын азайтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Жаңартылған оқу бағдарламаларында балалардың ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін, мәтінді түсініп оқу және коммуникациялық дағдыны дамытуға басымдық берілген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.